Қазақстан білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің ұлттық моделін бекітті
Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық тұжырымдамасы бекітілді. Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025–2029 жылдарға арналған құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тұжырымдама Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес әзірленіп, білім беру саласын жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Құжат аясында алғаш рет жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітілді. Оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық қағидалары енгізілді.
Жаңа модель мектептерді ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын да қамтиды. Ол:
-
оқу процесіне ЖИ бойынша арнайы тақырыптарды енгізуді;
-
заманауи цифрлық оқулықтар шығаруды;
-
оқушылардың жобалық қабілеттерін дамытуды;
-
педагогтердің кәсіби деңгейін үшсатылы «Acquire → Deepen → Create» үлгісі бойынша жетілдіруді көздейді.
Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Оқушылар үшін Day of AI әдістемелік кешені дайындалып, мұғалімдерге арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылмақ.

