ШҚО құтқарушылары жаңа техникаға қол жеткізді
Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметкерлері жаңа көлік пен жабдықпен толықты. Енді өңір құтқарушыларының қолында өрт сөндіруге, қиын жолдарда жұмыс істеуге және өзен-көлдерде жедел көмек көрсетуге қажетті техника бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
22 қыркүйек күні Өскеменге ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов келіп, құтқарушыларға жаңа көліктердің кілтін табыс етті.
Шыңғыс Сайранұлының айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкімет құтқарушыларды техникамен жаңартып жабдықтауға ерекше мән беріп отыр.
Бұл жолы облыс құтқарушыларына 13 көлік пен түрлі жабдық берілді. Оның ішінде өрт сөндіру машиналары, жол талғамайтын көліктер, гидроциклдер және басқа да қажетті техника бар. Алдағы уақытта олар облыстың әр ауданына үлестіріледі.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов құтқарушыларға ризашылығын білдірді.
Соңғы бір жарым жылда елімізде 20 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін: бұған дейін 30 жылда бар болғаны 30 шақты бөлім салынған еді. Сондай-ақ соңғы екі жылда республика бойынша 800-ден астам техника алынды, ал жабдық саны 20 мыңнан асты.
Шыңғыс Әрінов сапар барысында ШҚО-да іске қосылған цифрлық жобалармен де танысты. Мәселен, туристерді QR-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілген, қар көшкіні жүру қаупі бар аумақтар бақыланады, қауіпті заттардың таралу ықтималдығы есептеледі.
Елизавета Седых
Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жалғас Сақадиев















