KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдауға арналған жаңа заң жобасы дайындалуда

altainews.kz

24.09.2025, 13:30 273 Төлеуғазы Жансая

Инклюзивті орта қалыптастыру – білім беру саласындағы негізгі басымдықтардың бірі. Осы бағытта елімізде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы мен Сенат депутаттарының бастамасы негізінде қолға алынған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Заң жобасының басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы үшін медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтеріне тең әрі үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ету.

«Бұл заң қабылданса, кешенді көмекке мұқтаж балалар үшін тұрақты қолдау жүйесі құрылады. Құжат БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті 2024 жылы берген ұсынымдарын іске асыруға бағытталған», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова.

Қазір елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Оларды қолдау үшін 508 арнайы ұйым жұмыс істейді: 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 230 коррекциялық кабинеттер (КППК), 99 арнайы мектеп, 45 арнайы балабақша, 13 оңалту орталығы және 11 аутизм орталығы.

Сонымен қатар инклюзивті білім беруді кеңейту мақсатында әр мектепте психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері құрылды. Бүгінде 29 мыңнан астам маман көмек көрсетіп, мыңнан аса инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 85%-ға жетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу