Жыл соңына дейін тағы 30 мыңнан астам педагог біліктілік арттыру курстарынан өтеді
ҚР Оқу-ағарту министрлігі
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта және арнайы білім беру педагогтеріне арналған пәндік, цифрлық құзыреттерді дамыту, сондай-ақ инклюзивті білім беру бойынша курстарды тұрақты өткізіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрліктің дерегінше, былтырғы жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 80 мыңнан астам педагог тегін оқудан өтті, олардың 57,8 пайызы – ауыл мектептерінің мұғалімдері. Ал биылғы жылдың басынан бері тағы 39 мыңнан астам педагог курстарға қатысқан.
2025 жылдың қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында 30 мыңнан астам мұғалім қосымша дайындықтан өтеді. Бағдарлама бастауыш сыныптан бастап, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерін қамтиды. Сонымен қатар тыңдаушылардың бір бөлігі инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілік тақырыптарында білімін жетілдіреді.
Курстардың ішінде 80 сағаттық 43 бағдарлама офлайн форматта, ал 2 курс онлайн форматта ұйымдастырылған. Әсіресе «Инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтердің базалық құзыреттерін қалыптастыру», «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері», сондай-ақ Келешек мектептерінің педагогтеріне арналған бағыттар ерекше назарға алынған.