Жаңа жылды қауіпсіз қарсы алайық: ШҚО тұрғындарына маңызды ескертулер
Жаңа жыл мерекесіне дайындық қызу жүріп жатыр. Ел тұрғындары үйлерін безендіріп, шырша тігіп, сыйлық алып, мерекелік көңіл күйге бөленуде. Алайда думанды күндерде қауіпсіздік талаптарын естен шығару түрлі келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Altainews.kz Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған негізгі қауіпсіздік шараларын еске салады.
Мерекелік шара өтетін орындарда неге мән беру керек?
Адамдар жиналатын ғимараттарда қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуға тиіс.
Мұндай нысандарда:
- терезелерде темір тор болмауы қажет;
- эвакуациялық шығу жолдары әрдайым ашық әрі бос болуы керек;
- өрт сөндіру құралдары қолжетімді жерде орналасуға тиіс.
Бұл талаптар төтенше жағдай туындаған сәтте адамдардың қауіпсіз түрде ғимараттан шығуына мүмкіндік береді.
Жаңа жылдық шыршаны қалай дұрыс орнатамыз?
Жаңа жылдық шырша – мерекенің басты символы. Бірақ оны орнатуда да қауіпсіздік талаптары бар:
- шырша берік, құламайтын негізге орнатылуы керек;
- шығу жолдарын жаппауға тиіс;
- жылыту құрылғыларына жақын қойылмауы қажет;
- тек жанбайтын ойыншықтармен безендірілгені дұрыс.
Электр гирляндаларына ерекше назар аудару қажет. Олар:
- тек зауытта жасалған, сертификаты бар болуы;
- сымдарының изоляциясы зақымданбағаны;
- скруткасыз және ақаусыз болуы керек.
Үйден шыққанда немесе ұйықтар алдында гирляндаларды міндетті түрде өшірген жөн.
Пиротехника: мерекенің сәні ме, әлде қауіп көзі ме?
Фейерверк, петарда, салют секілді пиротехникалық бұйымдар мерекеге сән бергенімен, оларды дұрыс қолданбау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Маңызды ереже:
Пиротехниканы үй ішінде қолдануға қатаң тыйым салынады.
Көшеде пайдаланған кезде:
- ғимараттардан, көліктерден, ағаштар мен электр желілерінен кемінде 50 метр қашықтықта іске қосу керек;
- қолмен, балконнан немесе лоджиядан ұшыруға болмайды;
- қатты жел кезінде қолдануға тыйым салынады;
- балалардың өз бетінше пайдалануы мүлде рұқсат етілмейді.
Фейерверкті тек мамандандырылған дүкендерден сатып алып, өнімнің сертификаты мен жарамдылық мерзімін міндетті түрде тексеру қажет.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда:
балаларды пиротехникадан алыс ұстаңыз;
шырша маңында жалғыз қалдырмаңыз;
от пен электр құрылғыларын пайдалануға жол бермеңіз;
электр гирляндаларын өздігінен қоспауын қадағалаңыз.
ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мәліметінше, мереке қарсаңында өңір тұрғындары пиротехникалық бұйымдарды белсенді сатып алуда. Алайда қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан соңғы жылдары өкінішті жағдайлар тіркелген.
2024 жылы:
Өскемен қаласында сапасыз фейерверк балконда өртке себеп болды;
Ұлан ауданында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан жасөспірім жарақат алды.
Осыған байланысты ТЖД қызметкерлері полициямен бірлесіп:
базарлар мен сауда орындарында рейдтер жүргізуде;
заңсыз сауда нүктелерін анықтауда.
Қазіргі таңда жаңа жылдық шараларға қатысы бар 340 нысан есепке алынған;
мектептерде шырша орнату желтоқсанның 20-сынан кейін басталады;
15 жедел топ құрылып, 23 рейд өткізілді;
140 нұсқама жүргізіліп, 850-ге жуық адам қамтылды.
Пиротехниканы заңды түрде қайдан алуға болады?
ШҚО бойынша пиротехника сатуға 4 ұйымға рұқсат берілген. Барлығы 10 сауда нүктесі жұмыс істейді:
Өскемен қаласында:
ТОО «Улан»
(Виноградова, 17а – ТД «Дос-Нар», ТД «Сити Центр»;
Бажова, 331/1 – ТД «Самал»;
Қазыбек би, 20 – ТД «Океан»)
ТОО «СТиК»
(К.Сәтпаев даңғылы, 76/2 – ТД «METRO»;
Жібек жолы, 1 – ТД «Магнум»;
Бажова, 110 – ТД «АДК»)
ТОО «PANNDA»
(К.Сәтпаев даңғылы, 84 – «Фреш Маркет»)
Алтай қаласында:
ТОО «Алтай Салют» (Первомайская, 23/2)
Риддер қаласында:
ТОО «Улан», «Валентина» дүкені (Тәуелсіздік көшесі, 39)
Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-на сәйкес:
елді мекенде пиротехниканы заңсыз қолдану – 436-бап;
сақтау, тасымалдау және сату тәртібін бұзу – 483-бап;
заңсыз сауда – 196-бап бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Жаңа жыл – қуаныш пен шаттықтың мерекесі. Ол қайғылы жағдайға ұласпауы үшін әрбір тұрғын қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет. Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтықтың өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.