KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Қазақстанда электр энергиясын өндіру рекордтық деңгейге жетті

15.12.2025, 15:00 176 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан энергетика саласында соңғы жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 25 жыл ішінде елдің электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 2,5 есеге артты. 2000 жылдардың басында жылдық электр энергиясы өндіру көлемі шамамен 50 млрд кВт·сағ болса, 2024 жылы ол 117,9 млрд кВт·сағқа, ал 2025 жылы 122 млрд кВт·сағқа жетуі жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштердің өсуі елдің экономикалық дамуы, өнеркәсіп пен технологиялық инфрақұрылымның дамуына тікелей байланысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.

Жаңа қуат көздері мен генерацияны дамыту

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстанның электр қуатын өндіру көлемін 2035 жылға қарай екі есеге арттыру жоспарда бар. Ол үшін жаңа қуат көздерін енгізу және бар қуаттарды реконструкциялау арқылы жалпы 26,4 ГВт электр қуатын қамтамасыз ету көзделуде.

«Бүгінде елімізде жасанды интеллект пен суперкомпьютерлердің дамуы, деректер орталықтарының құрылысы және өнеркәсіптік өндірістің өсуі электр энергиясын тұтынуды арттыруға әсер етуде. Президенттің Жолдауына сәйкес, қазіргі заманғы және экологиялық таза технологияларды қолданып, көмір генерациясын дамыту жалғасуда», – деді министр.

Павлодар облысы, Екібастұз қаласында салынатын жаңа ГРЭС-3 стансасының қуаты 2 600 МВт-қа жетеді. Сондай-ақ, Көкшетау, Семей және Өскеменде үш ЖЭО құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Газ генерациясы бойынша да жобалар белсенді түрде іске асырылуда. Шымкентте қуаты 1 000 МВт бу-газ қондырғысы салынып жатыр, ал Түркістанда жалпы қуаты 270 МВт үш бу-газ блогы іске қосылды. Бұл нысандар маневрлік генерациялау арқылы электр жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды жаңарту және жасанды интеллект қолдану

Министр Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Үкімет жылу желілерін және электр желілерін жаңарту үшін жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын енгізуде. ЖИ арқылы әуе желілері мен жылу желілерінің ішкі диагностикасы жүргізіліп, адам көре алмайтын зақымдар анықталады. Бұл жөндеу шығындарын азайтып, экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл технологиялар инфрақұрылымды дефектоскопиялық тексеруден өткізуге және жөндеу шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Экономикалық әсері ондаған миллиард теңгеге жетеді», – деді министр.

Газ инфрақұрылымын дамыту

2025 жылы Қазақстанда газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,2%-ға жетті. Елдің шалғай өңірлерінде газдандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп, 95 елді мекенде 350 мың адам газға қосылды. Ақмола облысында Қосшы қаласы мен Талапкер ауылы газдандырылып, Астанада газбен қамту шамамен 97%-ға жетті. Түркістан облысында 100 мың тұрғынға газ беріліп, Жетісу облысында ұзындығы 300 км «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Батыс Қазақстанда «Ростоши – Тайпақ» газ құбырының құрылысы басталып, Ақжайық пен Теректі аудандарының газ тапшылығы шешілуде.

Сондай-ақ, 2025 жылы елде үш жаңа газ кен орны – Қайыргелді, Тұзкөл және Тасболат пайдалануға берілді. Тасболат кен орны Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуатын толықтыруға мүмкіндік берді.

Жылу желілері мен энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту

Есепті жылы инфрақұрылымдық жөндеу жұмыстары аясында 9 апатты энергия көзі жөнделіп, жылыту желілерінің тозуы 25%-ға төмендеді. 323 шақырым жылу желілері қайта жаңартылып, тұтынушыларға тұрақты жылу жеткізу қамтамасыз етілді. Жылу электр орталықтарының жабдықтарының тозуы алғаш рет 61%-ға дейін төмендеді.

Жаңа генерациялау қуаттары іске қосылды: Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде қуаты 130 МВт жаңа турбоагрегат іске қосылды. Осы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның энергожүйесі рекордтық 118 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіріп, елдің сұранысына озық режимде қызмет көрсетті.

Жаңартылатын энергия көздері

Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға ерекше көңіл бөлуде. 2025 жылдың үшінші тоқсанында таза генерацияның үлесі жалпы электр энергиясы өндірісінің 7%-дан асты, ЖЭК нысандарының саны 159 станцияға жетті. Қарағанды мен Ұлытауда жаңа жел электр станциялары, ал Қызылорда мен Маңғыстауда күн электр станциялары іске қосылды. Сондай-ақ, қуаты бір гигаватт болатын энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталған жел электр станциясын салуға арналған алғашқы ірі аукцион өткізілді.

Министр Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл жобалар Қазақстанның энергожүйесін икемді, тұрақты және жаһандық стандарттарға сай етуге мүмкіндік береді.

Фото: Үкімет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу