KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
478.54 533.76 5.17

Дауыс беру учаскелері алдағы науқанға дайын ба? – ШҚО

Фото: depositphotos.com

Бүгін, 14:30 36 Ержан Әбіш

Қазанның 6-сында елімізде республикалық референдум өтетіні белгілі. Дауыс беру құқығы бар барлық азаматтар Қазақстанға атомдық электр станциясын салу мәселесіне қатысты өз ұстанымдарын білдіретін болады. Осы ретте Altainews.kz сайтының тілшісі облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Кинугул Бичуиновпен жолығып, осы маңызды науқанға байланысты бірнеше сауал қойған еді.

– Кинугул Кашкенұлы, сөз басында 6 қазанда өтетін республикалық референдумды дайындауға және өткізуге байланысты облыстық және аудан-ауылдардағы комиссиялар туралы айтып берсеңіз.

– Аймағымызда бір облыстық, 2 қалалық, 11 аудандық, 538 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеуде. Оларда 3844 мүше бар, 98-і аумақтық, ал 3746-сы учаскелік комиссияларда қызмет етеді. Барлық референдум комиссиялары толық қалыптастырылған, мүшелері жеткілікті. Бос орындарға тиісті мәслихаттар арқылы комиссия мүшелері тағайындалды. Биыл қайта құрылған Катонқарағай мен Марқакөл аудандарында аумақтық сайлау комиссиялары құрылып, материалдық-техникалық тұрғыдан толық қамтылды. Атап айтсақ, Катонқарағай ауданында 24 учаскелік референдум комиссиясы (124 мүше), Марқакөл ауданында 29 учаскелік референдум комиссиясы (159 мүше) бар.

­– Халықты дайындық тұрғысынан ақпараттандыру жағы қалай?

– Референдумды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес жұмыс атқарылуда.

Айталық, 12 қыркүйекте аталмыш жоспарға сәйкес облыстық DIDAR және «Рудный Алтай» газеттерінің №35 санында, сондай-ақ аумақтық комиссиялардың ресми сайттарында аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамы мен орналасқан жері, облыс бойынша референдум учаскелерінің шекаралары жарияланды. 

15 қыркүйекте жергілікті атқарушы органдар тәртіпке сай акт бойынша сайлаушылардың тізімдерін референдум комиссиясына қағаз түрінде және электронды түрде ұсынды. Осы ретте дербес деректер мен оларды қорғау, ақпараттық қауіпсіздік туралы заң талаптары сақталды.

– Дауыс беру учаскелерінің материалдық жарақтандырылуы бойынша қандай да бір мәселелер бар ма?

– Ондай түйткілдер жоқ. Облыстағы 538 учаске материалдық-техникалық тұрғыдан жарақталды. 538 учаскенің 512-сі мемлекеттік ғимараттарда, 26-сы жеке меншік ғимараттарда (алтауы – Өскеменде) орналасқан.

Қалалар мен аудандардың әкімдері жергілікті атқарушы органдардың референдум комиссияларымен бірлескен жұмыс жоспарларын бекітті, сайлау учаскелерін толық түгендеді.

Дауыс беру бөлме-жйларын жарақтау нұсқаулығына сәйкес учаскелер жәшіктермен, жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған кабиналармен де, компьютерлік техникамен, кеңсе тауарларымен, маңдайшалармен, журналдармен, басқа да керек-жарақтармен жабдықталған.

Барлық сайлау учаскелері жұмысқа дайын.

– Мүгедектігі бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне қандай жағдайлар жасалған?

– Дауыс беру кезінде ерекше шарттарды қажет ететін мүгедектігі бар адамдар туралы мәліметтер нақтыланды – барлығы 2160 адам. Олар дауыс беретін учаскелер тексерілді.

525 учаске бірінші қабатта орналасқан, 492-сі пандустармен, 511-і мүмкіндігінше түрлі тактильді көрсеткіштермен жабдықталған.

Мүгедектігі бар адамдар тұратын 509 учаскеде кресло-арбаларды пайдаланатын азаматтарды ескере отырып, дауыс беру кабиналары, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған. 11 учаскеде кресло-арбаларды пайдаланатын азаматтар үшін қосымша пандустар орнатылды.

Дауыс беру күні инватакси мәселесі шешілді. Облыс орталығында 10, қалған елді мекендерде 6 машина іске қосылады. Сурдоаудармашылар қызметімен 117 сайлау учаскесі қамтылады.

– Комиссия мүшелерінің дайындығы қай деңгейде, олар арнайы оқыту курстарынан өтті ме?

– Референдумды дайындау кезінде барлық деңгейдегі комиссия мүшелері оқытылады. Каскадтық әдіс бойынша аумақтық комиссиялардың 98 мүшесі, 1614 төраға, учаскелік референдум комиссияларының төрағалары мен хатшыларының орынбасарлары оқытылды, олардың барлығы Орталық сайлау комиссиясының қашықтан оқыту жүйесінде тестілеуден өтті.

3 қазанға дейін учаскелік референдум комиссияларының 2132 мүшесі тестен өтеді.

– Тұрғындарды алдағы науқан туралы, дауыс беру тәртібі туралы қосымша құлақтандыру бар ма?

– Облыстық референдум комиссиясы азаматтарды белсенді түрде ақпараттандыруда. Облыс бойынша 199 баннер орнатылды, 12 LED-экранда республикалық референдум туралы ақпарат таратылуда. «Микс» радиосы мен ALTAІ облыстық телеарнасы арқылы аудио және бейнероликтер беріліп жатыр.

Дауыс беру күні туралы 10746 ақпараттық плакат және дауыс беру құқығына есептен шығару куәліктері туралы инфографикалар, учаскеде дауыс беру тәртібі туралы ақпарат таратылды. 487 824 дана жеке шақыру қағазы, 19380 дана шақыру қағазы (көппәтерлі үйлердің кіреберістеріне) жасалды.

Референдумды дайындау және өткізу мәселелері тұрақты бақылауда.

– Рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

 Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив