Шығыстағы туризм жанашырлары елордада марапатталды
Бүкіләлемдік туризм күні аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов сала қызметкерлерін марапаттады. Туризмнің дамуына үлес қосып, еңбек сіңірген азаматтар қатарында шығысқазақстандық Мұхтар Тойбазаров пен Сымбат Рамазанов та марапат иеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бурабайда өтіп жатқан «Қазақстан саяхат форумы» аясында туризм және спорт министрі саланы дамытуға үлес қосып келе жатқан мамандарды «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» және «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттап, Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарды табыстады.
Іс-шараның ресми бөлімінде Ербол Мырзабосынов Туризм күнімен құттықтай келе, еліміз биыл туризм саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.
Шығыстан шақырылған Мұхтар Тойбазаров пен Сымбат Рамазанов «Туризм саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Олар – өңірлік туризмді алға жетелеп жүрген белсенді де белгілі адамдар. Мәселен, Мұхтар Серікұлы Шығыстың туристік бренді «Шығыс салбурыны» фестивалін ұйымдастырып, «Altai Fest» сияқты ауқымды шараларды халықаралық деңгейге көтеріп жүр. Сондай-ақ гастротуризмді елімізде насихаттап, дамыту бағытында да үлесі зор. Өңірде тұңғыш болып қазақ асханасы үйін ашып, оны саяхатшылардың бас сұқпай кетпейтін орнына айналдыруының өзі ғаламторды молынан пайдаланып, шебер жүзеге асыруынан. Бүгінде М. Тойбазаров Шығыс Қазақстанның айрықша туристік бағыттары бойынша туроператор ретінде шетелдік туристерге де таныс.
Ал Сымбат Садырқанұлы – жергілікті және шетелдік саяхатшыларға еліміздің шырайлы жерлерін аралатып, ішкі туризм бағытындағы турларды танымал еткен маман. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі туристік бағыттардың артық-кем тұстарынан дүйім жұртқа ақпарат беріп отыратын ол БАҚ-та салалық сарапшы ретінде дәйекті пікірлерімен сұранысқа ие. Сонымен қатар Сымбат Қытаймен екі арадағы туристік әлеуетті дамытуға үлес қосуда. Дамып келе жатқан туризм саласы – өңірлерден бастап тұтас ел экономикасын алға жылжытушы күш.
Бұл бағыттағы мақсат-мүдделер туралы форумда министр тарқата айтты.
Сондай-ақ Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталып келе жатқаны да айтылды.
Мәселен, Conde Nast Traveller сияқты беделді басылымның мәліметінше, Қазақстан әлемдік туристік бағытта алдыңғы қатарға қосылды.
Биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Қытайдың ірі қалаларын қамтитын 20-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылған.