KZ
Өскемен
-15°
пасмурно жел 1,2 м/с, В
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да кәсіподақ ұйымдарының өкілдері марапатталды  

9.10.2024, 16:00 135 Ержан Әбіш

Бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері, өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамы құқықтарының сақталуы жолында жұмсап жүрген қайраткерлер марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Заман өзгергенімен, кәсіподақ ұйымдарының жұмысы, құндылығы өзгермеді. Бүгінде  Қазақстан кәсіподақтары сапалы жаңару кезеңіне аяқ басты. Басты басымдық – еңбек адамы, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сапалы, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жалақыны көтеру, әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған.

10 қазан – Кәсіподақтар күніне орай, кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенділікпен қатысып, аянбай еңбек еткен қызметкерлер ШҚО әкімінің құрмет грамотасымен, ШҚО әкімі орынбасарының алғыс хатымен, ҚР Кәсіподақ федерациясы төрағасының құрмет грамотасы және алғыс хатымен, сондай-ақ, «Кәсіподақ ұйымының ардагері» медалімен мапаратталды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйледі. Ол кәсіподақ қозғалысының маңыздылығын атап өтіп, барлық белсенділерге өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың атынан облыстың және кәсіподақ қызметінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табыстады.

– Біз жыл сайын Кәсіподақтар ұйымы күніне орай салтанатты жиын өткіземіз. Бұл салтанатты шараның басты мақсаты – аймақтағы кәсіподақ қозғалысына үлес қосып отырған ардагерлерімізді, бастауыш ұйымдарындағы белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттап, мадақтау болып табылады, – деді «ШҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Темірбек Қасымжанов.

Кәсіподақ ұйымы жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы алтын көпір. Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді. 

– Кәсіподақ – бұл еңбекшілердің құқығы мен мүддесін қорғайтын жалғыз, дара қоғамдық бірлестік. ШҚО бойынша 14 салалық кәсіподақ ұйымы бар. Біз барлық ұйымдардың мүддесін қорғау үшін бірлесе жұмыс істеп жүрміз. Еңбекшілерге «біз құжатқа бағынбаймыз, төлей алмаймыз» дегендерін сотқа беріп, сот арқылы жеңіп жатқан да жағдайлар бар. Мысалы, былтыр 17 сот процесі болды. Оның барлығында кәсіподақ ұйымы, біздің еңбекшілеріміз жеңіске жетті. Менің ойымша, кәсіподақ өзінің бүгінгі рөлін арттырып келеді және еңбекшілердің сеніміне ие болуда, –  деді «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ ШҚО филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.
 

 Ақерке Рағызбаева

Фото: Аяужан Утеулинова

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу