KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Риддер ауруханасында геронтологиялық бөлімше ашылады

9.10.2024, 16:30 114 Айна Ескенқызы

Риддер қаласында салынып жатқан жаңа ауруханада инсульт бөлімшесі және паллиативті көмек бөлімшесі,  егде жастағылар үшін геронтологиялық бөлімше  ашылатын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітаппаеваның сөзіне қарағанда, аурухана кешенінің 500 кісіге дейін қабылдайтын емханасы биыл жыл соңына дейін, ал 200 орындық стационар 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

– Біздің қала тұрғындарының басым бөлігі орта жастан асқан және  аға буын өкілдері болғандықтан, біз ауруханада егде адамдарға арналған геронтологиялық бөлімше ашуды ойластырдық. Сонымен қатар науқастарға паллиативті терапияны да алысқа сабылмай, осы жерден алғандары ыңғайлы, міндетті түрде инсульт бөлімшесі болады. Жаңа ғимарат заманаиу талаптарға сай салынып жатыр, – деп атап өтті бас дәрігер.

Гүлнар Социалқызы жаңа аурухана кешені міндетті түрде соңғы үлгідегі медициналық аспаптармен жарақтандырылатынын қосты.

Риддер ауруханасында дәрігерлердің тапшылығы да бар. Олар негізінен кардиолог, реаниматолог, хирург, педиатр сияқты бейінді мамандар. Өткен жылы екі жас маманды, биыл екі жалпы практика дәрігерін қызметке қабылдапты.

– Бізде жаңа аурухана кешені салынып жатқанын естіген жас отбасылар көшіп келіп жатыр. Былтыр Астанадан қоныс аударған неонатолог маманымыз  жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін барлық неонатологиялық, тіпті реанимациялық көмекті жақсы біледі екен. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы көрсеткіштеріміз де жақсарды, – дейді Гүлнар Кітаппаева.

Бас дәрігер «Казцинк» компаниясының қолдауымен жас мамандарға бір миллион теңге көлемінде көтермеақы төленетінін,  жалдамалы баспана берілетінін  жеткізді. Қазір аурухана өз есебінен травмотолог,  реаниматолог,  офтальмолог мамандықтары бойынша бес маманды оқып жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу