Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының суретшісі Тамара Дүйсенованы жеке портретімен таңғалдырды
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Солнечный ауылындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Онда вице-премьерді ерекше сыйлық күтіп тұрды. Он жылдан бері осы орталықта тұрып, еңбек етіп келе жатқан суретші Олег Некрасов өзі салған портретін сыйға тартты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Олег Некрасов - тағдыры күрделі, бірақ туындылары жылулық пен шынайылыққа толы суретші. Орталықта өмір сүре отырып, ол өз талантын дамытып, өнерін әлеммен бөлісудің мүмкіндігін тапқан. Оның картиналары терең эмоцияға және шынайы реализмге бай.
Тамара Дүйсенованың сапар жасайтынын естіген Олег бірден оған портрет сыйлауға шешім қабылдаған. Олег Некрасовтың салған портреті қонақтарды өзінің әсерлілігімен және егжей-тегжейлі орындалуымен таңғалдырды. Бұл ерекше сыйлық сапардың жарқын сәтіне айналды. Вице-премьер суретшіге ерекше сыйлық үшін шын жүректен алғысын білдірді.