Құнанбай айналасы және Абай
Құнанбайдың заманында ел билігін айтып, аталы сөзді ұстаған небір шешендермен билердің Абайға да әсері аз болмағаны белгілі. Құнанбайдың өз қасындағы «Абай жолынан» бізге жақсы таныс Тобықты елінің белгілілері – Қаратай, Сүйіндіктерді айтпағанда, Наймандағы Шәкі би - Құнанбаймен қатты дос болып, Құнекеңді «Арғынның алтын басы ғой» деп ерекше құрметтеген жан. Ақыл-парасаты жағынан Құнанбаймен терезесі тең тілдесетін ата баласы Арғындағы Жанғұтты би Ботантайұлы, Абай Тұржан сұлу – Қаламқасқа ғашық болатын, қыз ағасы – Найманның Тана мырзасы, Сыбандағы Құнанбайдың құдасы – Кенжеғұл шешен, Ақтайлақ бидің ұрпақтары – Кеңесбай би, Жұмақан бай, сонау Қоңырат Сапақ би, Құнанбаймен нағашылы-жиенді дін жолын берік ұстанып, Меккеге барған Шал қажы, ел ішінде ақылдығымен, бойындағы қасиетімен ел анасы болған - Үйрек ана, Жауғашар батырдың немересі, сөзі ұтқыр, ойы өткір Шүршіт Құлбарақұлы, сыйлас дос екі елдің сөз билігі мен ел билігін қатар ұстап, кейіннен құда болған Алшынбай би, Керейдегі Біке шешен, Наймандағы атақты емші Ырғызбайдың баласы – Кенжалы би тағы-тағылармен Құнанбай тек аралас-сыйлас болып қоймаған, сан мәрте ел ішінің әр түрлі даушарларында немесе жеке бастарын сынап, бір-бірін байқасатын шақта сөз сайысына түсіп, шешендіктің небір үлгісін кейінгі ұрпаққа қалдырды. Абай бұл тұлғалардың көбін көрді, көрмегенінің есті сөз, кесімді билігін естіп, жадына жаттап өсті. Он үш жасар Абайды қаладан алғызғанда Құнанбай ел ішіндегі осынау дала даналарының тәрбиесіне бергеді.
Қасына ертіп жүріп талай шешеннің шебер ой-түйіндеріне жас Абайды қанықтырды. Өз ордасында жанынан орын беріп, ел жақсыларының алдында сөз билігін де тыңдап, сыннан өткізді...
Әр ұрпақ өз заманын үлгі тұтары табиғи заңдылық. Бұл тұрғыда жас Абай Тобықтының белгілі шешені Қаратай жүйрікпен де сөз жарыстыратыны бар. Қаратай Сапақұлы (1806-1894) Тобықтының Көкше руынан. Құнанбаймен қатар ел билеп, онымен бірде тату, бірде қату қарым-қатынаста болған сөзге жүйрік адам. «Абай жолында» Құнанбайдың Мырза кім? – дегенде Құнанбай, Шешен кім? Жақсы кім? дегенде де осы Құнанбайды атап, жалғыз не қылайыны жоқтығынан алысып жүргендігін айтып налитын Қаратайды Құнанбай ерекше бағалап, жүйріктігін мойындаған да. Осы романдағы Байдалының «Осы өздерің көріп жүрген Қаратай бар ма? Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек! Шіркін, тек қана азғантай Көкшеден шықты ғой. Егер Олжайдан туса, өрісін көрер ең», - деген сөзі тарихи шындықтан алыс кете қоймаған пікір.
Қаратай – Құнанбайдың ерекшелігін елден гөрі терең таныған адам. Бір сөзінде:
Қаратай шешеннің ұлағатты сөзін жасынан бойына дарытқан Абай өсе келе өз ойын айтып, онымен пікір жарыстырып та отырған. «Қаратай бірде Абай басатаған жастар ортасына келіп, жастардың заманын жамандап, өз заманын мақтайды. «Менің заманым пайғамбарға жақын» дегеніне Абай қарсы дау айта келіп, «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында не түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Рахым-жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда барса да жетеді. Сіз пайғамбарға Әзірет әлінің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған», депті». Қаратай Құнанбайдың күшімен Абайды тоқтатқан көрінеді. Бұл арада Абайдың өз ортасынан білім парасаты оқ бойы озып келе жатқанын ғана емес аға заманы мен бала заманының айырмасы, бір-біріне кереғар тұстары байқала түседі.
...Құнанбай көп үміт күткен баласын бірде билік айтар дауға салса, бірде өзімен ерте жүріп ел игі жақсылардың есті сөз, биліктегі әділ шешімдерін тыңдата отырып жас Абайды ширықтыра жарата берген. Романдағы жас Абайдың әке тапсырмасымен Құлыншаққа, Сүйіндікке, одан Байдалы ауылына барып бір-бір елдің беткеұстарларымен тең сөйлесіп, сыр алдырмай келуін Әуезов тарихи шындықтан алып көркем дүниесіне арқау еткен. Шығармада Абай Жидебайға аналарының қасына қайтсам деген ниетін әкесіне айтқанда Құнанбай «немене бұ, қуыршақ ойнайтын қыз ба едің сен, шешеңнің қасынан шықпайтын? Менің қасымнан сол қатындардың қасы артық болды ма? Мұнда болсаң ел көресің, сөз ұғасың. тәлім-тәрбие аласың. Онда не табасың»,- дейтіні есіңізде болар. Қатігез әкені тағы Абайға қарсы қоя қабылдадық бұл сөзді. Жалғасын сырып қойып романдағы ойды дәл осы жерден үзіп алып, Құнанбай сөзінің астарына үңілсек, жазушы көп сыр сақтаған. Өмірдегі Құнанбайдың Абайға «ел көресің, сөз ұғасың, тәлім-тәрбие аласың», - деп ерекше ықыласпен баулуы көркем туындыдан анық көрінеді.
Романға Құлыншақ, Сүйіндік, Байдалылар мен Абайдың арасындағы ел, жер дауына байланысты сөз барымтасын арқау ете отырып жазушы Абай ортасы, Абайдың әдеби айналасының бастау көздерінен сыр суыртпақтайды.
Осындағы Сүйіндік Жанкөбекұлы ел ішіндегі оқиғаларға байланысты Құнанбаймен бірде тату, бірде дүрдараз болған, бірақ екеуі де бір-бірін жақсы сыйлаған.
Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы бір әңгімені М.Әуезов романында кірістіріп, қырбай боп жүрген Сүйіндік Өскенбайдың асы туралы Құнанбайға қарата айтқан:
Алдыңа ата-анаң – ол бір Меке,
Қырық үйліні қырық пышақ қылып едің,
Өз асың да бұзылды-ау, Өскенеке,-
деген өлеңді келтіретіні бар. Сүйіндік шынында да өлеңнен құр алақан болмаған жан. Бүгінгі ұрпаққа сақталып жеткен ел аузындағы бір әңгімені тағы Әуезовтен алайық: «Сүйіндік ауылы бір жылы жау түсіріп сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрата жібереді. Бірақ осының алдында Жуантаяқ руынан Бостан дегеннің ауылы Сүйіндіктің бір айғыр үйірі қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен, соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара аттың енді Сүйіндік Құнанбайға бергені жөнелтіп жатып:
Өзім семіз болғанмен көңілім арық.
Бостанның қорасына қонар
Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, -
деп бір ауыз өлең айтқан. Заманынан қалған мұндай сөздер анық, шындығы - айғақ.
Құнанбаймен аралас-құралас болып Абайға әсер еткен бір топ өнер адамдары оның ішінде, әрине, шоқтықты топ ол – ақындар болса, соның ең арқалылары «Абай жолына» енген. Өкініштісі заманның қыспағына қарай көбінің аты өзгертіліп, өңі айналдырылып берілді. Ол ежіктеп түсіндірмесе де белгілі жайт. Дулат – Барлас, Сабырбай – Қадырбай, Жанақ – Садақ, Түбек – Шүмек болып өзгергеннен-ақ Абайға әсер еткен ортаның кеңестік заманда қаншалықты қыспаққа алынғанын бажайлай беріңіз.
Бауыржан Ердембеков
филология ғылымдарының докторы,
абайтанушы