ШҚО педагогы республикадағы үздік ондық қатарына өтті
Фото: Алтай ауданы әкімдігі
Астана қаласында өткен «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық премиясы аясында «Әлемдік білім апталығы» атты ауқымды іс-шара өтіп, онда үздік ұстаздар анықталды. Білім беру саласының майталмандары іріктелген ондық арасында шығысқазақстандық педагог та марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
“Әлемдік білім апталығында” республиканың түкпір-түкпірінен суырылып шыққан елдің үздік ұстаздарының ондығында Шығыс Қазақстанның Алтай қаласындағы №7-ші орта мектептің информатика пәні мұғалімі Салтанат Садықова болды.
Аталмыш шара барысында ТОП-10 финалистерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы облыс абыройын асқақтатқан ұстазды осынау жетістігімен құттықтады.
Аталмыш байқау мұғалімдердің академиялық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызды, қоғамдық қызметтегі ерекше жетістіктерін саралайды.
Байқау кез келген бастауыш және орта мектептер, гимназиялар, лицейлер, жеке және мемлекеттік мектептер мұғалімдері үшін ашық. Білім беру саласындағы зиялы доданың жүлде қоры - рекордтық 20 миллион теңгеге тең. Салтанатты марапаттауда ондыққа енген ұстаздарға 1 миллион теңгенің сертификаттары табысталды.
Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық Сыйлығы 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры бар «Әлем мұғалімі» Жаһандық сыйлығының ұлттық кезеңі. Осыған дейін айтылып отырған жоба аясында қазақстандық мұғалімдер әлемнің үздік 50 мұғалімдері қатарына екі рет кірген болатын.