Ауылдық округтер үшін де мемлекеттік сатып алудың тиімділігі артты
Биылғы маусым айында Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңда қосалқы мердігерлер атқаратын жұмыс көлемі 50 пайыздан 30 пайызға дейін қысқартылған. Өскеменге келген Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл БАҚ өкілдерімен кездесуде жаңа заңның тиімді тұстарын айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдағы негізгі өзгерістерді түсіндірген вице-министр жаңа Заңның бірнеше бөлімі сатып алу процедурасын жеңілдетуге бағытталғанын, бұл оларды қысқа мерзімде (бұрынғыдан үш есеге дейін) өткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Бұдан бөлек, тапсырыс берушілердің жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы камералды бақылауды сақтау жоспарланған. Бұл ретте уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығы алынып тасталған.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңда белгіленгендей, өнім беруші жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беретін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемі 50-ден 30%-ға дейін қысқартылған, яғни, бас мердігерлер өз қызметтеріне тартатын қосалқы мердігерлердің атқаратын жұмыс көлемі 30 пайызға дейін қысқартылған. Бұл бас мердігердің жауапкершілігін күшейтуге, атқарылатын жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
Жанаргүл Көкенайқызы