Өскемендік командир Ұлттық ұланның үздігі атанды
Кім мықтыны анықтаған сайыс үш күнге ұласты. Әр жауынгер сайысқа сақадай-сай дайындықпен келген. Өйткені, олар – мұның алдында әскери бөлім арасындағы жарыста суырылып алға шығып, топ жарғандар, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кіл үздіктер бас қосқан байқауда офицерлер «Үздік батальон командирі», «Үздік штаб бастығы», «Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары» аталымдарын өзара сарапқа салса, сержанттар құрамы «Үздік взвод сержанты», «Үздік бөлімше командирі» атану жолында жан алып, жан берісті.
Сайыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімі арнайы комендатурасының коменданты, майор Сардор Мұхтаров қаруластарынан оқ бойы озып шығып, «Үздік батальон командирі» атанды. Ол келесі кезеңге дайындықта дене шынықтыру сынағына басым көңіл бөлмек.
Сайыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар табысталды. Ұлттық ұланның батальондық бөліністегі офицерлерінің кәсіби шеберлігін тексеру бойынша ұйымдастырылған байқауда алдыңғы санаттан көрінгендер желтоқсан айында өтетін сайыстың үшінші кезеңіне жолдама алды.
Ержан Әбіш