Қолданыстағы Су кодексіне 20 жылда 272 түзету енгізілді
![](/kz/uploads/posts/2024-12/dsc08137.webp)
Фото: Махаббат Ахметжанова
Сарапшылар қолданыстағы Су кодексіне 20 жыл ішінде 272 түзету енгізілгенін айтып, жаңа Су кодексін қабылдау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
2003 жылы қабылданған Су кодексіне 272 өзгеріс енгізілген. Су саласының сарапшысы Әмірхан Кеншімов жаңа Су кодексі жобасына қатысты пікір білдіріп, қолданыстағы кодекстегі кейбір нормалардың декларативті екенін, кей нормалардың қайталанатынын және логикалық тұрғыдан үйлеспейтінін атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Құжат климаттың өзгеруіне бейімделу мен су үнемдеу принциптерін енгізуге ерекше назар аударады.
Алғаш рет су нысандарын сарқылудан және басқа да жағымсыз салдардан қорғайтын «экологиялық ағын» ұғымы енгізілмек. Сонымен қатар шағын көлдерді, өзендер мен тоғандарды, мұздықтар мен сулы-батпақты аймақтарды қорғау туралы нормалар қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кодекс жобасына елді мекендер мен нысандарды тасқыннан және еріген қар суынан қорғау шаралары енгізілді. Сондай-ақ, су ресурстарын басқарудағы үйлестіруді жақсарту үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері айқындалды.