Алтын өңдеу фабрикасы міндеттемелерін орындауға кіріспек

Күршім ауданының әкімдігі, «Maralicha» тау-кен компаниясы, «Maralicha-Gold» және «ВСАМ Продакшн» ЖШС арасында 2024-2029 жылдар аралығында Маралды округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 2,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуға ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Маралды ауылындағы инвестор – «ВСАМ Продакшн» ЖШС 2024-2029 жылдары Маралды ауылы мен осы ауылдың жанындағы Қыстау Күршім, Үшбұлақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуына 2,5 миллиард теңге инвестиция жұмсайды.
Маралды ауылында «ВСАМ Продакшн» ЖШС-не тиесілі алтын өндіру фабрикасының құрылысы аяқталды. 2024 жылғы 26 қарашадан бастап кәсіпорын ресми түрде жұмысын бастады.
«Біз фабриканы іске қосуға қажетті барлық рұқсатты алдық және енді жұмысқа кірісеміз», – деді кәсіпорын директорының орынбасары Талғат Мақатаев.
Фабрика басшылығының өкілі компанияның барлық қауіпсіздік шарасын сақтап, жергілікті халық алдында уәде етілген әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындайтынын атап өтті.
Күршім аудандық мәслихат депутаты Ляззат Құмарова бұл жаңалықтың аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. Оның айтуынша, Күршім ауданы тұрғындарының көбі балық шаруашылығымен айналысады, алайда бұл кәсіптің тұрақсыздығы кейде қиындық тудырады.
«Мұздың үстінде жұмыс істейтін балықшылар арасында қайғылы оқиғалар да кездесіп жатады. Ауданымызға жаңа жұмыс орындары қажет. Балықшылардың тұрақты жалақы алмауы мүмкін. Ал фабрикада жұмыс істесе, олар тұрақты жалақыға, әлеуметтік көмекке ие болады», – деді Ляззат Құмарова.
Фабриканың іске қосылуы аудан үшін маңызды оқиға болып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестициялар тарту перспективаларын ашты.
Компанияның аудан инфрақұрылымын жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралары өндірістің іске қосылуынан бұрын басталған.
«ВСАМ Продакшн» ЖШС басшылығының мәліметтері бойынша, ағымдағы жылы компания Маралды, Қыстау-Күршім, Қойтас және Үшбұлақ ауылдарындағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамытуға 336 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған екен.
Маралды ауылында жолдарды асфальттау жұмыстары 315 миллион теңге сомасына жүргізілген. Үш тұрмыстық және ауыз су ұңғымасы бұрғыланған (31 м тереңдікке дейін). Соңғы бірнеше жылда компания ауыл тұрғындарына жыл сайын 40 тонна қатты отын сатып алып берген, оның ішінде биыл – 110 тонна көмір (3,4 миллион теңге сомасында).
Ауылдағы көше жарығының бағаналары мен бейнебақылау камералары орнатылып, ауылдық клубтың фасады жөнделіп, медициналық пункт ашылған. Жастарға да көңіл бөлініп отыр. Маралды ауылында мұз айдыны ашылып, күрес алаңы мен теннис үстелдері орнатылып, балаларға арналған ойын алаңы мен спорттық воркаут алаңы, сондай-ақ футбол алаңы салынып, мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Кәсіпорын – жыл сайын жаңа жылдық іс-шараларға демеуші болып келеді.
Қыстау-Күршім және Қойтас ауылдарында екі ауыз су ұңғымасы салынып, Кайнар өзені арқылы өтетін көпірлер жөнделген. Үшбұлақ ауылында мал қорымының орны арнайы техникалармен қайта орнатылып, көше жарықтандырылған. Маралды ауылдық округіндегі жол жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техника тұрақты түрде бөлініп, кәсіпорын Күршім аудандық «Ізгі жан» қоры арқылы қайырымдылық шараларын қолдап келеді.
Жанаргүл Көкенайқызы