ШҚО-да ТЖД қызметкерлері 11 айда 279 адамды құтқарды
Фото: Жасанды интеллект
ШҚО ТЖД өткен 11 айдағы қызметінің нәтижелерін жариялады. Аймақта құтқарушылар 3527 жедел шығу операциясын жүзеге асырып, 279 адамды құтқарды, төтенше жағдайлар аймағынан 1106 адамды эвакуациялаған екен.
Көктемгі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін мүдделі ұйымдар және мемлекеттік органдармен тығыз үйлесімді жұмыс жүргізілді. 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында инженерлік жұмыстар жоспары әзірленді, бүгінгі таңда оның 49 шарасы орындалған,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жазғы кезеңде жүргізілген кең ауқымды алдын алу жұмыстарының арқасында су айдындарында қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға азайды. ТЖД қызметкерлерінің күнделікті патрульдеуі нәтижесінде 23 адам, оның ішінде 4 бала дер кезінде құтқарылды.
Табиғи өрттердің саны 6 есеге азайды. Өрт қаупі жоғары кезеңде жағдайды бақылау үшін дрондар мен тікұшақтар қолданылды, бұл қиын қолжетімді аумақтарды бақылауға мүмкіндік берді. Орман аймақтарындағы тәртіп бұзушылықтарды анықтау үшін 52 мобильді топ жұмыс істеді. Нәтижесінде 60-тан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қыс мезгілінде облыстық автожолдарда 10 жылыту пункті мен 15 жол бойындағы бизнес нысаны жұмыс істейді. Төтенше жағдайлар кезінде 1700-ден астам адам және 680 техника бірлігі дайындықта болады.
Қыркүйек айында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Облыстың 13 ауданында бөлімше қызметкерлері жалғыз тұратын қарттарға пештерді жөндеу, мұржаларды тазалау және арнайы қорғаныс қаңылтырларын орнату бойынша көмек көрсетті. Соңғы бірнеше жылда құтқарушылар 15 000-нан астам көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатты. Бұл датчиктердің іске қосылуы арқасында 42 адам, оның ішінде 31 бала құтқарылды.
ТЖД оқу орталығында 650-ден астам азамат оқытылды, ал облыс нысандарының қызметкерлері мен персоналымен төтенше жағдайларда өзін-өзі ұстау ережелері бойынша 5700-ден астам жаттығу өткізілді. Жас ұрпақты оқытуға ерекше көңіл бөлінді: департамент жер сілкінісі кезінде балалардың әрекет ету алгоритмін түсіндіретін анимациялық фильм әзірлеп, білім беру нысандарында көрсетуге ұсынды.