Самарлық жастар жаңа биіктерге ұмтылады

Соңғы жылдары Самар ауданында белсенді жастардың саны біршама артқан. Осы орайда жергілікті Жастар ресурстық орталығына артылар жүк ауырлай түсетіні де анық. Жақында орталықтың директоры Ерназар Сауыхтан сұхбаттасып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы сұрап білді Altainews.kz тілшісі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір Самар ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы 2 562 адам тұрып жатыр екен.
Осы жастарды қоғамдық іс-шараларға тартып, бастамаларына қолдау көрсету мақсатында қызмет атқарып отырған мекеме – Жастар ресурстық орталығында бүгінде 10 қызметкер жұмыс істейді. Жастар ресурстық орталығы немесе қысқаша ЖРО – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым.
Жасыратыны жоқ, аудандардағы мерекелік мәдени іс-шараларда бірінші болып көзге түсетін – сол жердің жастары. Самарда да солай.
Белгілі болғандай, 2024 жылы жергілікті Жастар ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында бірсыпыра жұмыс атқарған екен.
Мәселен, жаз ортасында Сарыбел ауылында республикалық деңгейдегі «Сарыбел оттары» атты қазақша quiz ойыны өткен болатын. Аталмыш іс-шара Самар ауданы әкімдігінің және «Каскад-Н» ЖСШ-нің қолдауымен өткізілді. Ішкі туризмді дамытуды және Самар ауданының көрікті жерлерін насихаттауды мақсат еткен сайысқа алыс-жақыннан келген 10 команда қатысты.
Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, Самарда еріктілер қатары да еселеп артқан. Бұған да жергілікті жастар орталығының қосқан үлесі аз емес.
Жылдың кез келген мезгілінде көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созатын еріктілердің бірігуіне мұрындық болып жүрген Жастар орталығының өкілдері бұл санаттағы жандарды табу қиындық тудырмайтынын айтуда. Ел алғысын арқалап жүрген еріктілер егде жандарға қыста ауланы қардан арылтуға, ал жазда өзге шаруаларын тындырға көмектеседі. Арагідік қайырымдылық акциялары да өтіп тұрады. Жалғызбасты аналар мен қарияларға отын, көмір, су кіргізіп беру әдетке айналған.
Белгілі болғандай, 2024 жылы ауданда аталмыш орталықтың көмегімен жастар санатына кіретін 100 азамат жұмысқа орналасқан. Атап айтсақ, жастар іс-тәжірибесінен 24 адам өтсе, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 90 азамат жұмыспен қамтылған. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 9 жас маманға осы жылдың соңына дейін қаражат қарастырылған.
Самар ауданының жұмыссыз жастары, демалыстағы студенттер мен жоғары сынып оқушылары маусымдық жұмыстарға тартылып, мемлекеттік қолдауға ие болуда. «Жасыл елдің» алғашқы легі маусым айының соңынан басталып, барлығы 90 адамды қамтыды. Олар аудан көлеміндегі көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Келесі жылы жоспар бойынша мұндай жұмыстарға 130 адам тартылмақ.
Рас, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға жасалынып жатқан жеңілдіктер мен қолға алынған арнайы бағдарламалар аз емес. Мұны жастар тарапы да көріп, сезіп отыр. Қызығушылықтары да біршама артқан.
Нұржан Кенжеұлы