«Шығыстың Мұқағалиы»: Хамит Балшабековтың 85 жылдығына арналған кеш өтті (видео)
Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шығыстың Мұқағалиы» атанған ақын Хамит Балшабековтың 85 жылдығына арналған «Талантқа тағзым» атты поэзия кеші өтті, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара ақын шығармашылығын театрландырылған көріністер, әсем әндер мен күмбірлеген күйлер арқылы айшықтай отырып, кештің рухани маңызын арттырды. Кеш барысында 16 мен 25 жас аралығындағы өнерпаздар арасында ақынның шығармаларын мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды.
Қазылар алқасының құрамында жоғары санатты ұстаздар мен театр мамандары өнерпаздардың шеберлігіне әділ баға берді. Шараға қатысушылар ақынның жырларын жатқа оқып, театрландырылған көріністерді сахналау арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақынның ұлы Мерей Балшабеков шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымы мен байқауға қатысушыларға, сондай-ақ кешке келген көрермендерге алғысын білдірді.
Байқауға аймақтың әртүрлі аудандары мен Өскемен қаласынан 30-ға жуық жас өнерпаз қатысып, ақынның шығармаларын жүректен жүрекке жеткізді.
Хамит Балшабеков өз заманының елшіл ақыны ретінде халқына мағыналы жырлар қалдырған тұлға. Оның:
Өмір саған ғашықпын жүрегіммен,
Өзгелерден болған жоқ тілегім кем.
Өзегімді өртеген ойларым көп,
Өзің үшін шаттанып, жүдедім мен,
деген жыр жолдары оның өмірге, еліне, халқына деген шексіз махаббатын айшықтайды.
Ақын шығармашылығы ел есінде мәңгі сақталып, өскелең ұрпаққа рухани азық болып қала бермек.
Серік Құсанбаев
Фото, видео: Жәнібек Ырысбай