KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
523.86 544.34 5.11

Өнерге толы кеш: Шығыс Қазақстандағы мәдени күндердің қорытындысы

Фото: Аяужан Утеулинова
Фото: Аяужан Утеулинова
Кеше, 22:00 83 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде аймақ басшысы Ермек Көшербаевтің қатысуымен Шығыс Қазақстан облысына қарасты аудандар өткізген мәдени күндерді қорытындылаған “Туған жер - алтын бесігім” атты гала концерт өтті. Гала концерттің бағдарламасы шеңберінде он бір ауданнан келген өнерпаздар өнерлерін дүйім жұртқа паш етіп, көпшілікті сүйсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 
 
Шығысқазақстандық өнерпаздар өскемендік көрермен назарына халық әндерін, жыраулық өнер мұрасын, классикалық және эстрада жанрындағы музыкалық туындыларды ұсынды. “Ертіс концерт” залының сахна төрінде ел мен жерге деген сүйіспеншілік, Отанға адал қызмет ету, ауылға деген сағыныш тақырыбындағы әуезді әндер әуеледі. Әр ауданнан келген өнер  иелерінің гала концертін тамашалауға жиналған халықтың қарасы мол болды. Кеш шымылдығы ШҚО аралас оркестрі (Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Тарбағатай ауданының Ақжар халықтық ұлт аспаптар оркестрі, Зайсан ауданының халықтық “Мұрагер” ұлт аспаптық оркестрі, Катонқарағай және Үлкен-Нарын аудандарының “Өр-Алтай” ұлттық аспаптық оркестрі, Күршім ауданының халықтық ұлт аспаптар оркестрі) орындауындағы Е. Какежановтың “Шабыт” күйімен түрілді. Шығыс өңірінің өнерпаздарынан құралған шығармашылық ұжымдар жергілікті өнерсүйер қауымды ән мен күйге бөлеп, тамаша тарту жасады. 

  - Бүгінгі гала концертте әрбір аудан таңдаулы туындыларымен көпшілікті тәнті етті. Өнер жақындастырады, әрі аудандар арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтады. Бұған  облыс орталығына келіп, мәдени күндерін бірге өткізген  Катонқарағай мен Үлкен Нарын, Күршім мен Марқакөл аудандары мысал бола алады. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы ел Президентінің Жарлығымен Катонқарағай мен Марқакөл аудандары қайта құрылған еді. Біз болсақ, аталған аудандар жекеленген аумаққа бөлінгендерімен, киелі өнер құдіретінің арқасында береке-бірлігі жарасып, біртұтастығын жоғалтпастан сахнада өнер көрсеткендеріне куәміз, - деп атап өтті өңір басшысы Ермек Көшербаев. 

Гала концерттің соңында жыл көлемінде өткен облыстық “Туған жер - алтын бесігім” жобасының қорытындысы шыққанын атап өткен орынды. Әділқазы алқасының шешімімен “Шалқар шабыт” номинациясын Самар ауданы, “Креативті ұжым” номинациясын Глубокое ауданы, “Көрермендер көзайымы” номинациясын Катонқарағай, Үлкен Нарын аудандары, “Қазақ өнерін заманауи сахнаға бейімдегені үшін” номинациясын Күршім мен Марқакөл аудандары, “Сахна шеберлігі” номинациясын Зайсан ауданы, “Үздік көрме” номинациясын Шемонаиха ауданы, “Өнерге талпыныс” номинациясын Ұлан ауданы, сондай-ақ, “Сахна мәдениетін ерекше сақтағаны үшін” номинациясын Тарбағатай ауданы, ал “Өнер - достықтың алтын көпірі” номинациясын Алтай ауданы иеленді. Биыл облыстық “Туған жер - алтын бесігім” жобасының Бас жүлдесіне Риддер қаласының өнерпаздары лайық деп танылды.

- Бүгін міне, “Туған жер - алтын бесігім” жобасының Гран-приін ұтып алу Риддер қаласына бұйырыпты. Біз өте қуаныштымыз. Осы шараға атсалысқан барлық өнерпаздарыма, бізді қолдаған халыққа алғыс айтамыз! Жалпы, бұл “Туған жер - алтын бесігім” жобасы елді бірлікке шақыратын, берекемізді арттыратын, достығымызды нығайтатын үлкен жоба деп білеміз, - деді Риддер қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Оралбек.

Атап өтелік, аймақ басшысы Ермек Көшербаев өткен жылы “Туған жер - алтын бесігім” өңірлік жобасының аясында балет өнері, балет мектебі тек Шемонаиха ауданында ғана болса, биыл балет өнерін Глубокое, Риддер және Алтай аудандары да көрсеткеніне ерекше тоқталды. Сонымен қоса өңір басшысы жиналған қауымды бүгінде облыс орталығында өзінің жеке ғимараты бар, өткен жылы ашылған оперетта театрына баруға шақырды. Аталмыш театр репертуарында “Летучая мышь”, “Айсұлу” және “Mama mia” атты үш спектакль бар. Сондай-ақ, Ермек Беделбайұлы алдағы уақытта Тарбағатайдағы “Ақжар халықтық театрының” үлгісінде Риддер қаласы мен Алтай, Зайсан аудандарында халықтық театрлар құру жөнінде облыстық Мәдениет басқармасына тиісті тапсырма берілгенін айтты. Жергілікті өнерпаздарға ыстық ықыластарын білдіріп, қошеметтерін аямаған өскемендіктер гала концерттен рухани ләззат алып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Арайлым Орсаринова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу