Облыстың 207 жас мұғалімі біліктілігін арттырды (Видео)
10.01.2025, 09:00469Гульжан Мусина
Шығыс Қазақстанның жас мұғалімдері заман талабына сай білімдері мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Бұл жолы облыстың 207 жас педагогы «Функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға арналған мұғалімнің құралдары» атты ауқымды интенсивке қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс орталығында өткен интенсив қазақ және орыс тілдерінде 14 пән бойынша ұйымдастырылып, оқушыларға оқу сауаттылығын тиімді үйретуге бағытталды.
– Жас мұғалімдерге арналған жыл сайынғы форумның жалғасы ретінде әр каникул сайын интенсив өткіземіз. Мұнда оқу сауаттылығы, цифрлық құзыреттілік және ғылыми-жаратылыстану бағытында оқушыларға терең білім беру мен оны өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыру тәсілдерін көрсетеміз. Бұл шаралар арқылы халықаралық деңгейде өтетін зерттеулерге жас мұғалімдерді, сол арқылы оқушыларды дайындау мақсатымыз бар, – деді ШҚО Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Гүлфарида Раисова. – Қазіргі әлемдік негізгі тренд – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Осы интенсив 207 жас маманға өз кәсіби беделін қалыптастыруға және білім беру әдістерін жетілдіруге көмектеседі.
Педагогикалық шеберлік орталығы жас мұғалімдерді қолдау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Орталықтың тренерлері – республика көлемінде жоғары бағаланатын тәжірибелі ұстаздар.
– Мен Педагогикалық шеберлік орталығымен биыл күзде ғана таныстым. Алғаш рет облыстық форумға қатыстым. Сол форумда сабағыма қатысты тың әрі пайдалы ақпарат алдым. Сондықтан бұл интенсив жайлы естіген кезде қалмай қатыстым. Жас маман болғандықтан, маған кәсіби біліктілік жетіспей жатады. Осы интенсивте оқушыларыммен кері байланысты нығайтуды, оларға ақпаратты қызықты етіп жеткізуді үйрендім, – деп атап өтті Үлкен Нарын ауданы Солдатово орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Арман Қабышконов.
Айта кету керек, интенсив барысында қолданылған материалдар мұғалімдерге алдағы жұмыстары үшін арнайы таратылды.
Педагогикалық шеберлік орталығының жұмысы бұл интенсивпен шектелмейді. Алдағы уақытта орталық мамандары қатысушылар арасында анонимді анкета таратып, жиналған жауаптар негізінде келесі каникулда өтетін шеберлік сыныптарының тақырыптарын анықтайды.