«ЕРТІС» корпорациясы: Мақсат – нарықтағы баға шарықтауына төтеп беру

Фото: ЖИ
Шығысқазақстандықтардың картоп бағасының тұрақты және қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін «Ертіс» ӘКК» АҚ баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Өскеменде компанияның павильондары картоптың аймақтағы ең қолжетімді бағасын – келісі 125 теңге қамтамасыз етіп отыр, бұл 130 теңге мөлшеріндегі шекті рұқсат етілген бағадан төмен,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Корпорацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Корпорацияның павильондарындағы картоптың бағасы жеткізушілермен ағымдағы келісімшарттар аясында өзгеріссіз болмақ. Бұл тәсіл компанияның нарықтық ауытқулардың әсерін барынша азайтуды және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді көздейтін кешенді стратегиясының бір бөлігі болып табылады.
«Ертіс» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Дидар Мажириновтың айтуынша, алдын ала жасалған келісімшарт негізіндегі өнім көлемі бағаны тұрақты ұстауға жеткілікті.
Келісімшарт негізінде алдын ала келісіліп, қаражат жұмсалған картоп көлемі 5,5 мың тонна болса, бүгінгі күні қорда қалған өнім көлемі 3 мың тоннадан астам. Бұл жағдай нарық бағасының аумалы-төкпелілігіне қарамастан картоптың келісін 125 теңгеден сатуға мүмкіндік береді.
Корпорация мамандарының хабарлауынша, қазіргі келісімшарттар аяқталғаннан кейін де, жаңа келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін де көкөніс өнімдерінің бағасы шекті рұқсат етілген бағадан аспайтын тұрақты баға болып қала бермек. Бүгінгі таңда баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сатылуы 15 павильон арқылы және 41 серіктес-дүкендер сөрелерінде жүзеге асырылуда. Ал қалған павильондар бойынша мемлекеттік реестрде ашық аукцион түрінде конкурстық рәсімдер өтуде.
Баға тұрақтандыру бағдарламасының сауда павильондарының ағымдағы мекенжайлар тізімі корпорацияның ресми сайтында (spkertis.kz) «Баға тұрақтандыру бағдарламасы» бөлімінде қолжетімді.
Мамандар айтуынша, азық-түлік тауарларының айтарлықтай көлемдерін алдын ала, нарық бағасы өзгергенге дейін келісімшартпен бекіту бағаның өзгермейтініне кепілдік беріп, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Мұндай шешімдер өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмауға және нарықтық қымбаттаушылыққа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Компанияның мамандары нарық пен баға үрдістерін үнемі қадағалап отырады. Басқа да әлеуметтік маңызды болып табылатын кез келген өнім бойынша баға шарықтауы байқалған жағдайда, оның құнын тұрақтандыру мәселесі арнайы комиссияның қарауына жедел ұсынылады.