Риддерде гемодиализ орталығы ашылды (видео)
Риддер қаласының ауруханасында гемодиализ орталығы ашылды. Бұған дейін созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар өмірлік маңызды процедураны алу үшін Өскеменге жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Риддер тұрғындары қалада гемодиализ орталығын ашуды көптен бері сұрап келген. Бұл процедура аптасына үш рет жүргізілуге тиіс. Енді жаңа орталық науқастарды қабылдауға дайын. Бұған дейін мұндай бөлімшелер Өскемен, Зайсан және Алтай қалаларында жұмыс істеп келген.
Жаңа жабдықпен жұмыс істеу үшін медицина қызметкерлері алдын ала оқытылған. Сонымен қатар емдеу процесін бақылау үшін облыстық орталықтың нефрологтары онлайн режимде кеңес беретін болады.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханов тұрғындарды гемодиализ орталығының ашылуымен құттықтады.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай