KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
501.28 526.19 5.86

Прокуратураның басым бағыты – әлеуметтік әділдік

gov.kz

Бүгін, 15:00 75 Әбішев Ержан

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов өткен жылғы қадағалау жұмысының негізгі нәтижелерін қорытындылап, 2025 жылға арналған басымдықтарды атады. Прокуратура заңдылықты сақтау, ұйымдасқан қылмысқа, көлеңкелі экономикаға және алаяқтыққа қарсы күрес, инвестициялық жобаларды қорғау, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау бойынша кешенді шараларды жалғастырмақ, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

– Жалпы, біздің жұмысымызда екінші кезектегі міндеттер жоқ. Бәрі маңызды. Қандай жағдайда да заңның бұзылуына жедел, тіпті онлайн режімде ден қоямыз.Былтыр негізгі күш-жігерді ұйымдасқан қылмыс, көлеңкелі экономика, есірткінің айналымы, адам саудасы, алаяқтық, сондай-ақ ғимараттардың терроризмге қарсы қорғалуына салдық. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың араласуынан қорғадық. Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтарумен айналыстық. Азаматтардың еңбек қатынастары, білім, медицина және әлеуметтік саланың өзге де бағыттарындағы құқықтары қалпына келтірілді, – деді Бас прокурор Берік Асылов.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар жүз мыңдаған азаматтың, оның ішінде зейнеткер, әлеуметтік осал топ, жасөспірім, жұмыскер, сондай-ақ үлескер және ипотека алғандардың құқықтарын қорғады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – тұрақты назарда. Балалардың проблемалары уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімдерін тексеру, талдау немесе бағалау арқылы ғана емес, жобалау құралдарын пайдалану жолымен де шешімін тауып жатыр.

– Біз 2023 жылдан бастап «Urpaq» және «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобалары аясында 2 мыңнан аса отбасына материалдық көмек, мыңнан аса отбасына тұрғын үй көмегін, 10 мың отбасына медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге қол жеткіздік, – деді ол.

Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауға қатысты айтсақ, өткен жылы мемлекетке 627 млрд теңге сомасында залал өтелді, оның ішінде бюджеттен ұрланған қаражаттан басқа, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, 91 млрд теңгеге өзге де материалдық құндылықтар бар.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қадағалау шеңберінде мыңнан аса қадағалау актісі енгізілді, мемлекет пайдасына 12,7 млрд теңге өндірілді, 399 млрд теңгеге 500-ге жуық конкурстың күші жойылды. Қадағалау нәтижесін масс-медиада үнемі жарияланып отырды.

Алдағы кезеңде прокурорлар Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және жеке бизнесті қорғау жөніндегі тапсырмаларын сапалы іске асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарының, әсіресе балалардың құқықтарын сақтау, есірткі бизнесіне және ҰҚТ-ға қарсы күресті үйлестіру, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, азаптаулардың алдын алу, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатының орнығуын қамтамасыз етуді жалғастырмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу