АПВ-дан сақтанудың 5 жолы: маман кеңесі

Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығының онкогинеколог-дәрігері Әсел Қарабалаева адам папилломавирусының (АПВ) қаупі мен одан қорғану жолдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
4 наурыз – Дүниежүзілік адам папилломавирусына қарсы күрес күні. Бұл жыныстық жолмен берілетін ең көп таралған вирустық инфекциялардың бірі. ДДСҰ мәліметінше, адамдардың 80%-ы өмірінде кем дегенде бір рет АПВ жұқтырады, бірақ бұл барлық жағдайда қауіпті салдарға әкелмейді. АПВ-ға қарсы вакцинация жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді ұзақ мерзімді стратегиясы болып табылады.
Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында онкологиялық аурулар бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 1 900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі, оның 600-ге жуығы өліммен аяқталады. Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы жатыр мойны обырының 75 жағдайы (100 мың тұрғынға шаққанда 10,7) тіркелген. Соңғы үш жылда сырқаттанушылық деңгейі 26,7%-ға төмендеді. 2024 жылы облыс бойынша жатыр мойны обырынан әйелдердің өлім-жітімі 22 жағдайды құрады (100 мың тұрғынға шаққанда 3,0), бұл 2023 жылмен салыстырғанда (27 жағдай, 100 мың тұрғынға шаққанда 3,7) 18,9%-ға төмендегенін көрсетеді.
Жатыр мойны обырынан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің төмендеуі қатерлі ісікті ерте (0-1 сатыда) анықтаумен байланысты. Скринингтік бағдарламаларды жүргізу мен терең диагностиканың қолжетімділігі, сондай-ақ әйелдердің профилактиканың маңыздылығы туралы хабардарлығының артуы нәтижесінде жыл сайын скринингпен қамту көрсеткіші өсуде. Өткен жылы 34 591 зерттеу жүргізіліп, қамту деңгейі 97,0%-ға жетті (2023 жылы – 33 324 зерттеу, 83,3%).
АПВ дегеніміз не?
- АПВ – 200-ден астам түрі бар вирустар тобы. Олар келесі топтарға бөлінеді:
- Төмен онкогенді штамдар (6, 11) – қауіпсіз, бірақ сүйелдер мен жыныс кондиломаларын тудырады.
- Жоғары онкогенді штамдар (16, 18, 31, 33, 45 және т.б.) – жатыр мойны, қынап, вульва, анус, жыныс мүшесі мен ауыз-жұтқыншақ қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады.
АПВ қалай жұғады?
- Жыныстық жолмен.
- Тұрмыстық жолмен (тері зақымданулары, жеке гигиена заттары арқылы).
- Анадан балаға (босану кезінде).
АПВ қаншалықты қауіпті?
- Жатыр мойны қатерлі ісігі – 99% жағдайда жоғары онкогенді АПВ штамдарына байланысты дамиды.
- Басқа онкологиялық аурулардың (анус, ауыз-жұтқыншақ, жыныс мүшесі қатерлі ісігі) қаупін арттырады.
- Эстетикалық және физикалық қолайсыздық тудыратын папилломалар мен кондиломалардың пайда болуына әкелуі мүмкін.
АПВ-дан қалай қорғануға болады?
Вакцинация – ең тиімді алдын алу әдісі. ДДСҰ жыныстық өмір басталғанға дейін екпе салдыруды ұсынады. Бариерлік контрацепция – мүшеқап (презерватив) жұқтыру қаупін төмендетеді, бірақ 100% қорғаныс бермейді. Тұрақты скрининг – ПАП-тест және АПВ анализі қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі. Папилломаларды алып тастау – лазер, радиотолқындар, криодеструкция арқылы жойылады. Салауатты өмір салты – мықты иммунитет вируспен күресуге көмектеседі.