ШҚО-да екі қар көшкіні түсті: сақ болған жөн

Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында қар көшкіні түсу қаупі артып отыр. Соңғы тәулікте екі ірі қар көшкіні тіркелді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Катонқарағай ауданында және жергілікті маңызы бар Согорное – Барлық автожолының 16-шы шақырымында көлемі 250 текше метр қар көшкіні түсті.
Сонымен қатар Алтай ауданында республикалық маңызы бар Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Қатонқарағай – Рахман қайнары автожолының алдын ала жабылған бөлігінде 120 текше метр қар көшкіні өздігінен түсті. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қирандылар жоқ. Алайда көшкін жолдарды толықтай жауып тастаған.
Глубокое ауданындағы таулы өңірде Өскемен – Таулы Үлбі – Северное бағытындағы автожолда қар көшкінінің алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар жүргізілді. Қар массасының көлемі 680 текше метрге жеткен.
Мамандардың мәліметінше, өңірдегі қар көшкіні қаупі жоғары аймақтарды қорғау үшін 1459 қар ұстау қалқаны орнатылған. Таулы аумақтардағы жағдай «Қазселденқорғау» мекемесінің бақылау бекеттері арқылы үнемі қадағаланып отырады.
Көшкіндердің туындауына негізгі себеп ретінде мол қар жаууы, күннің күрт жылынуы және көктемгі еріген қар сулары аталады. Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесі тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
•Қар көшкіні қаупіне қатысты ескертулерге мән беріңіз.
•Көшкін қаупі бар аумақтарда демалуға аялдамаңыз.
•Тауға шығу кезінде сақ болып, дауылды ескерту кезінде үйде қалғаныңыз жөн.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында барлық қажетті шараларды қолға алғанын мәлімдеді.
Фото/видео: ШҚО ТЖД