ШҚО әкімі тұрғындарды қабылдады: өзекті мәселелер шешімін табады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар жеке және қоғамдық сипаттағы өзекті мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қабылдауға келгендердің бірі – Өскемен қаласының 19-ықшам ауданы тұрғындары. Олар балалар алаңының сүрілуіне қарсы шығып, 211 қол жинаған.
Сонымен қатар, қаладағы саяжай қауымдастығының бірінің төрағасымен болған жанжалға байланысты бірнеше тұрғын да әкімге жүгінді. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты сот шешімі бар, ал жергілікті билік оның заң аясында орындалуын қамтамасыз етеді.
Бұған қоса, қабылдауда ерекше балаларды оңалтуға қатысты маңызды мәселе көтерілді. Бүгінде Валентина Айдарова кохлеарлық имплантациядан өткен балаларға арналған оңалту орталығын ашты. Әкімнің сөзінше, бұл бастамаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қазір Өскемен қаласындағы Тургенев көшесінде орналасқан ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта онда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған бірнеше мекеме орналастырылады.
Сондай-ақ кәсіпкер Сауле Бахтиярова Бұқтырма су қоймасының Алтай ауданы жағалауында қоғамдық жағажайларды күтіп-ұстауға және қоқыс алаңдарын орнатуға дайын екенін жеткізді. Әкім бұл жобаны зерттеуді және кәсіпкермен меморандум жасауды Алтай ауданы басшылығына тапсырды.
Қабылдау барысында қаңғыбас жануарларға арналған паналау орнын салу туралы да ұсыныс айтылды. Әкімдік бұл мәселені бюджет комиссиясының қарауына жіберетінін мәлімдеді.
Нұрымбет Сақтағанов азаматтар көтерген барлық мәселе міндетті түрде қаралатынын және заң аясында шешілетінін атап өтті.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Махаббат Ахметжанова