Шоқыр Бөлтекұлы – қазақ боксының атасы

Ардагер ұстаз, жас кезінде жақсы спортшы болған аудандағы аузы дуалы ақсақалдардың бірі Мәденов Шәурахмет деген ағамыз бірде менен: - Бауырым, сен осы Шоқыр Бөлтекұлы деген атаңды білесің бе? - деп сұрады. Мен де әр нәрсеге құлағы түрік жанның бірімін ғой, өте жақсы болмаса да ұлтымыздан шыққан тұңғыш боксшы, спорттың осы түрінен КСРО көлемінде Спорт шебері атағын алған алғашқы қазақ азаматы екенін білетінімді айттым.
Мен шынымен таңырқадым. Ол кісінің туған жері Маңғыстау облысы, мекені Алматы қаласы болса, қиян-шеттегі біздің ауданға, оның ішінде Қалғұтыға баруына не себеп болды екен?!
Шәкең бұл сауалға нақтылап жауап бере алмады.
Меніңше, оның себебі басы ноқтаға сыймай кеткен даңқты батырымыздың сол кездегі артық сөзді кешіре алмайтын өкімет орындарының қырына ілініп, шеткері өңірге жер аударылғаны болса керек.
«Мәденнің үйі кең, қонаққа осы шаңырақ лайық болар», - деп ауыл есепшісі Үмітжан Есжанов оны біздің үйге алып келген болатын. Сөйтіп, ол кісі бізбен бірге тұрды. Сол жылы сегізінші класты бітірген мен де шөпке қолғабыс жасайтынмын. Екеуіміз жұмысқа бірге барып, түнде масаханада бірге жатамыз. Шоқыр ағамыз көп сөйлемейтін, біртоға жан екен, әдеби кітапты көп оқитын еді. Біз де ол кезде доп ойнап, темір көтеріп дегендей, шамамыз келгенше спортпен айналысамыз. Мұны байқаған ол кісі:
Осыдан кейін Шоқыр ағамыз бізді ақырындап спортқа баули бастады. Дұрыс дайындалуға, ерінбей айналысуға үгіттеп, аяқтың бұлшық еттерін жаттықтыруды үйретті.
Жиын-терін аяқталып, шөпшабыс науқаны мәреге жеткен қыркүйек айының соңында Шоқыр ағамыз жаз бойғы еңбегінің ақысын алған болатын. Сол күні ол шешеме арнайы сатып әкелген шәйі орамалын жауып, сый-сияпатын табыс етті. Ата-анама алғыс айтып, ризалығын білдірген қонағымыз бәрімізбен жылы қоштасып, аттанып кетті.
Қазіргі жас буынның ол кісі жайлы білмеуі әбден мүмкін. Сондықтан бір жағы солар білсін, екінші жағынан даңқты атамыздың алдындағы бір парыз өтелсін деген оймен қазақ даласына бокс қолғабын ең алғаш әкелген, спорттың осы түрінен талай топты жарып, оңайлықпен қолға түспейтін жетістік - КСРО Спорт шебері атағын алғаш алған қандасымыз Шоқыр Бөлтекұлы туралы біраз мағлұмат беріп өтейін.
Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылдың 29 қазанында Маңғыстау облысының Жармыш ауылына қарасты Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Нәсібін қарт Каспийден айырған балықшы әкесі ұлына тұмсығы тасқа тимей тоқтамайтын бекіре тұқымдас шоқыр деген балықтың атын қойған екен. Жастай жетім қалған Шоқыр отызыншы жылдардың жоқ-жітік қиын шағында Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйінде тұрып оқып, орта мектепті бітіреді. Соғыс басталғанда майданға алынып, одан жараланып оралады.
1947 жылы Ш.Бөлтекұлы Киев қаласындағы көркемсурет академиясы мен дене тәрбиесі институтын бітіріп шығады. Сол уақыттың өзінде талай жетістікке жеткен жас боксшы елуінші жылдары қатарынан үш рет Қазақ ССР-інің чемпионы атанады. Спорттың қазаққа таңсық түрімен жастайдан айналысқан Шоқыр рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ын таза нокаутпен аяқтаған екен.
Жастарды баулитын орын іздеп, Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алған Шоқыр көптеген талапты жастарды жаттықтырып, әлденеше чемпионға тәлім берді. Оның мектебінен Әбдісалан Нұрмаханов, Мақсұт Омаров, Серік Әбдінәлиев, Асқар Құлыбаев, ағайынды Виктор және Владимир Каримовтер сияқты дарынды шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Сонау 1937 жылы Ш.Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өткен болатын. Оған 50 спортшы атсалысқан екен. 1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО біріншілігіне Қазақстанның құрамасын Шоқыр бастап барады.
Шоқыр Бөлтекұлы жаттықтырушыларды молайтуға да үлкен үлес қосты. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қарағанды лагерінде мерзімдерін өтеп жүрген неміс Густав Кирштейн мен балкар Дәулеткерей Мулаев сияқты дарынды жаттықтырушылардың түрмеден босатылып, Алматыға келуіне де барынша күш салып, араласты. Ал бұл істің оның өз басы үшін қаншалықты қауіпті болғаны айтпаса да түсінікті.
Атамыздың Атымтай жомарт болғаны жайлы да деректер жетерлік. Бір ауқатты адам сыйлаған, ол кезде әркімнің қолына түсе бермейтін мотоциклді қызыға қарап тұрған қазақтың жеткіншегіне мінгізе салғаны - міне, осының дәлелі.
Шоқыр атамыз әйгілі батыр Бауыржан Момышұлымен де жақсы араласып, сыйлас дос болыпты. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын екі адуын азамат қатар келе жатқанда талай адам «Ойбай, екі жынды қазақ келе жатыр» деп жолдан қашып кетеді екен. Бокстың пірі болған Шоқыр атамыз бір жылдары сапармен Қытайға барып келеді. Сол-ақ екен, оның атақ-даңқын көре алмайтын, тік мінезін жақтырмайтын «үш әріптің» тыңшылары соңына шындап түседі. Мұның өзі әйгілі азаматтың тірлігіне көп машақат әкеліпті.
Халқына берерін беріп, айтарын айтып кеткен даңқты атамыз 1994 жылы 78 жасында қайтыс болды. Бір қызығы, сыйлас болған досы Бауыржан атамыз екеуі әйгілі Кеңсай зиратында қатар жерленіп, мәңгі тыныштықты сол арадан тапқан екен.
Бүгінде даңқты батырды есте сақтау бағытында айта қаларлықтай шаралардың жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Өзінің туған Маңғыстауында Ш.Бөлтекұлы атындағы бокс турнирі дәстүрлі түрде өтіп, лайықты спортшыларды жария етіп келеді. Төртінші рет өткен турнирде Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының шешімімен осы сайыстың жеңімпаздарына Спорт шебері атағы берілетін болды.
Бұған қосымша Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының орталығында Шоқыр Бөлтекұлы атындағы еңселі спорт кешені тұрғызылды. Сонымен бірге облыс орталығы Ақтау қаласында да осындай спорт клубы бой көтеріп, талапты жастарға есігін айқара ашып отыр.
Хасен Зәкәрия