KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 3 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Фельдшерлер жүрегі тоқтаған зауыт жұмыскерінің өмірін құтқарып қалды

24.04.2025, 15:00 217 Төлеуғазы Жансая

«Казцинк» компаниясының Өскемен металлургия алаңындағы мырыш өндірісінің №2 денсаулық сақтау пунктінің кезекші фельдшерлері Лимара Жамелова мен Елена Долгова-Сабурова жұмыс барысында клиникалық өлімге ұшыраған «Казцинк-Транс» кәсіпорнының тиегіш жүргізушісінің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оқиға туралы таңғы уақытта зардап шеккен қызметкердің әріптесі дереу хабарлаған. Медицина қызметкерлері кәсіпорын аумағындағы оқиға орнына екі минут ішінде жетіп, науқасқа жедел коронарлық синдром тудырған клиникалық өлім диагнозын қойған. Олар дереу реанимациялық шараларды бастап, жүрек қызметін қалыпқа келтіре алды. 25 минуттан кейін науқастың жағдайы тұрақтанған кезде оқиға орнына кардиологиялық жедел жәрдем бригадасы жеткен.

– Көмек көрсету уақытын зардап шегушінің дәл жанындағы асфальтқа жазып тіркедім. Оны жылжыту қауіпті еді, – дейді фельдшер Елена Долгова-Сабурова. – Мұндай сәттерде бастысы – нұсқаулыққа сай әрекет ету және сабыр сақтау.

Құтқарылған қызметкер облыстық ауруханаға жеткізіліп, толық тексеруден кейін шұғыл операция жасалды. Көп ұзамай ол реанимациядан жалпы кардиология бөліміне ауыстырылды.

Елена Долгова-Сабурова өндірістік алаңда фельдшер болып 30 жыл жұмыс істеп келеді. Ал Лимара Жамелова – Өскемен қалалық жедел жәрдем станциясының көшпелі бригадасында 10 жыл еңбек еткен тәжірибелі маман. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Үздік фельдшер» аталымы бойынша марапатталған. Бұл – оның зауыттағы алғашқы жұмыс ауысымы болған.

– Ауысымға енді ғана кіріскен едім, бірден ауыр жағдайдағы науқасқа көмекке асығуыма тура келді, – дейді Лимара Жамелова. – Мұндай жағдайға бұрын да тап болғандықтан, қорқыныш болмады. Мүмкіндігінше тез әрі тиімді әрекет етуге тырыстым. Осындай сәттерде саған тек адам өмірін құтқаруға деген ұмтылыс күш береді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу