ШҚО-да жол инфрақұрылымы мен жастар қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ спирттік ішімдіктің әсерінен және кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс жолдарында автожолдардың ақауларын анықтау, жол белгілерін, стробоскоптарды, патрульдік автокөліктер мен жануарлардың макеттерін орнату бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу жалғасуда. Бүгінгі таңда 207 бейнекамераның көмегімен 11 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген.
Жыл басынан бері ШҚО-да спирттік ішімдіктің әсерінен жасалған қылмыстар тіркелген. Полиция департаментінің қызметкерлері құқықбұзушылық жасауға бейім тұлғалардың тұрғылықты жерлері бойынша жоспарлы тексерулер жүргізуде.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Каникул», «Түнгі қаладағы балалар», «Профилактика» іс-шаралары және «Жасөспірім. Заң. Қауіпсіздік» акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінде 107 жасөспірім мен 196 бала тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамаған заңды өкілдер есепке алынған.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді. Әсіресе жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды: жолдарды жөндеу, апатты-қауіпті учаскелерде жарық орнату, мектептер маңындағы инфрақұрылымды және жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңғырту тапсырылды.
Сондай-ақ спирттік ішімдіктен толық бас тартқан елді мекендердің тәжірибесін тарату, спирттік ішімдіктерді тек арнайы алкомаркеттерде сату туралы ұсыныстар айтылды. Спирт өнімдерінің заңсыз саудасына тосқауыл қою, маскүнемдіктің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігі баса айтылды.
Сонымен бірге жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту тапсырылды. Ата-аналар мен жасөспірімдерді жауапкершілік туралы уақтылы хабардар ету, құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін орындарды қадағалау және қажет болған жағдайда олардың лицензияларын қайтарып алу ұсынылды.