Өскеменде «Шығыс Агрофорумы» өтіп жатыр
Өскемен қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі — «Шығыс Агрофорум» басталды. Елдің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, фермерлер, сала мамандары, бизнес өкілдері мен агроөнеркәсіп қауымдастықтары осы алаңда бас қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауқымды форумда сүт және май-тоң май өнеркәсібінің мамандары, тұқым шаруашылығымен айналысатындар, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер мен өңдеуші компаниялардың өкілдері өзара тәжірибе алмасуда. Шара аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, жаңа технологияларды енгізу, саланы цифрландыру және агробизнеске қолдау көрсету тетіктері кеңінен талқылануда.
Форумның ресми ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысты. Олар заманауи техника үлгілерімен, агродрондармен, отандық тыңайтқыштармен және тұқымдық өнімдермен танысты. Әсіресе қазақстандық үлесі басым техникаларды субсидиялау және лизинг арқылы сатып алу мүмкіндіктері көпшіліктің назарында болды.
Фото: Махаббат Ахметжанова