KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 2 м/с, В
507.07 572.53 6.37

Ұландық тыл ардагері Мұрат Ожановқа құрмет көрсетілді

7.05.2025, 11:35 405 Рағызбаева Ақерке

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлан ауданында тыл ардагері Мұрат Қалиасқарұлы Ожановқа құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагердің ерлікке пара-пар еңбегі мен ұстаздық жолдағы өнегесін атап өтіп, алғысын білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сұрапыл соғыс жылдары 10 жасқа енді толған Мұрат ақсақал тылда аянбай еңбек етіп, елге көмектесуге тырысты. Соғыстан кейін бар өмірін білім саласына арнады. Дайыр ауылындағы «Мукарама» мектебінде география мен биология пәнінен 40 жыл бойы сабақ берді. 1970 жылы өзі бастама көтеріп, мектеп жанынан өлкетану мұражайын ашты, туған жер тарихына қызығушылық танытқан оқушыларға арналған үйірмелер ұйымдастырды.

Облыс басшысы тыл ардагерінің Отан алдындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті.

– Жеңіске майдандағы жауынгерлермен қатар, тылда еңбек еткен сіздердің де қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Сіздер ел үшін тынбай тер төктіңіздер, соғыстан кейінгі ауыр кезеңде ұрпақ тәрбиелеп, қоғамға сүбелі үлес қостыңыздар. Бұл – ерлікпен тең еңбек. Сіздерге әрдайым құрметпен қараймыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Қазіргі уақытта Мұрат Қалиасқарұлы Қасым Қайсенов кентінде тұрады. Ол – зейнеттегі ұстаз, ардақты әке, немере-шөбере сүйіп отырған мерейлі ата.

Мұрат Ожанов білім беру саласындағы еңбегі үшін Қазақ КСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен (2024) марапатталған. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 50, 60 және 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдардың иегері.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу