ҰБТ-ға қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті – министр кеңесшісі (видео)
Өскеменде 600-ден астам түлек пен ата-аналарына, мұғалімдерге арналған кең ауқымды кездесу өтті. Ашық диалог форматындағы жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл іс-шарада түлектер ҰБТ форматы, пәндер комбинациясы, мемлекеттік гранттар саны мен мамандықтар бойынша сұраныс туралы өзекті ақпарат алды. Шараға өңірдің Ұлан, Зайсан, Катонқарағай, Глубокое аудандарынан, Шемонаиха және Риддер қалаларынан келген оқушылар қатысты.
Гранттар мен мамандықтар жайлы не белгілі?
Сонымен қатар, министр кеңесшісі «Study in Kazakhstan» жобасы аясында елімізде шетелдік ЖОО филиалдары мен қос дипломды бағдарламалар ашылып жатқанын айтты. Бұл қазақстандық түлектерге өз елінде халықаралық деңгейдегі білім алуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Қытайдың Luban Workshop серіктестігі электр көліктері саласы бойынша мамандар даярлауда. Ал Аманжолов университетінде экология бағыты бойынша қос дипломды бағдарлама іске асуда.
Түлектерге гранттар табысталды
Жиынның ең әсерлі сәттерінің бірі – Amanzholov University тарапынан үздік оқушыларға 14 білім грантының табысталуы болды. Олар оқу үздіктері, олимпиада жеңімпаздары мен шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері арасынан таңдалды.
Кездесуде қандай кеңестер айтылды?
Шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ұлыбританияның Кардифф университетінің (Астана қаласы) өкілдері де сөз алып, студенттік өмір мен халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Бұл кездесулер – түлектер үшін маңызды бағыт-бағдар беретін алаң. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жастардың жергілікті ЖОО-ларда білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуіне жол ашу.
Фото/видео: Ермек Жиенбеков