KZ
Өскемен
+26°
ясно жел 2 м/с, С
512.44 593.15 6.52

Шығыста жұмысшы мамандықтарына жол ашқан чемпионат өз мәресіне жетті (видео)

16.05.2025, 13:15 4 221 Айдос Мырзахметов

Өскеменде World Skills Shygys 2025 аймақтық чемпионатының жабылу салтанаты өтті. Биылғы білгірлер чемпионаты ерекше мәнге ие. Биылғы чемпионат Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында ұйымдастырылды. Жарыстың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастар арасында танымал ету, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Жабылу салтанатында сөз сөйлеген ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жастардың еңбек нарығындағы рөлін ерекше атап өтті.

– Мамандық иесі өз ісінің шебері болып, қызметіне жанашырлықпен, біліктілікпен қараса игі. Облысымыз – алдыңғы қатарлы өндірістік аймақтардың бірі. Кәсіпорындарымыз шетелге шығып, халықаралық деңгейде танылып келеді. Мәселен, ТМК Үндістанда филиал ашты, енді АҚШ-та да кеңсесін ашпақ. Бұл – біздің өндірісіміздің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің айғағы. Сіздер осы кәсіпорындарда еңбек етіп, ел болашағын қалыптастырасыздар, – деді өңір басшысы.

Шараға облыстың 28 колледжі мен 38 құзыреттілік орталығы қатысты. Жалпы саны 170-тен астам жас маман өз білімін, шеберлігін ортаға салды. Чемпионаттың басты демеушісі – «Казцинк» компаниясы.

– Чемпионатта механикадан бастап веб-дизайнға дейінгі көптеген салалар қамтылды. Бүгін жеңімпаздарды марапаттадық. Бұл жарыс жастарға үлкен мүмкіндік пен мотивация берді. Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті, – деді «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Чемпионаттың қорытындысы келесідей:

1-орынды – Өскемен қалалық жоғары политехникалық колледжі,
2-орынды – Риддер колледжі,
3-орынды – Өскемен қалалық көпсалалы технологиялық колледжі иеленді.

Барлық жүлдегерлер ШҚО әкімінің атынан оқу процесіне қажетті бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жарыста шеберлігімен көзге түскен команда мүшелері де жекелей сыйлықтарға ие болды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Ермек Жиенбеков


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу