ШҚО ТЖД қызметкерлері ұлттық рекорд орнатқан Қазақстан құрамасына енді
Өрт-құтқару спорты бойынша Уфа қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы жаңа ұлттық рекорд орнатып, жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ерлер және әйелдер командалары арасында өткен «Достық» Кубогы мен «Алтын шабуыл сатысы» жүлдесіне арналған халықаралық сайыс төрт кезеңнен тұрды. Финалдық – төртінші кезеңде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты ерлер құрамасы «жауынгерлік қанат жаю» сайысында 23,37 секунд нәтижемен мәреге жетіп, екінші орынды иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы жаңа ұлттық рекорд.
Жетістікке жеткен құраманың сапында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері Николай Буторин, Максат Романов және Максим Черносвитов өнер көрсетті.
Сондай-ақ, ШҚО ТЖД спортшысы Валерия Поволодская Қазақстан әйелдер құрамасының құрамында жарысқа қатысты.
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша:
Ерлер құрамасы – екі қола және бір күміс медаль;
Жалпыкомандалық есепте Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары төртінші орыннан көрінді.
«Бұл нәтиже – тек қажырлы еңбегіміздің жемісі ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы өрт-құтқару спорты үшін үлкен алға жылжу. Біз халықаралық аренада көшбасшылыққа таласа алатынымызды көрсеттік», – деді «Қазақстанның өрт сөндірушілері мен құтқарушыларының спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Даурен Данаев.
Бұл жарыс – тек спорттық шеберліктің ғана емес, сонымен бірге құтқарушылардың физикалық және моральдық дайындығының көрсеткіші. Жеңімпаз спортшылар – өз саласының үздіктері екенін дәлелдеді.