Шығыс Қазақстанда құлақтандыру жүйесінің жұмысы тексеріледі

Фото: pixabay.com
22 мамыр күні сағат 09:00-де Шығыс Қазақстан облысында «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында дабыл беру жүйелерінің тексерісі өтеді. Бұл күні облыс бойынша электрсиреналар, сиреналық-сөйлеу құрылғылары іске қосылып, телерадиоарналарда халықты құлақтандыру бойынша арнайы хабар таратылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сирена дыбысы – «Баршаның назарына!» дабыл сигналы болып табылады. Бұл белгі қауіп немесе нақты төтенше жағдай жайлы емес, жүйе жұмысының жоспарлы жаттығу түрінде тексеріліп жатқанын білдіреді.
Құлақтандыру дыбысы естілген жағдайда тұрғындар сабыр сақтауға тиіс. Егер адам үйде болса, теледидарды қосып, цифрлық эфирлік арналар арқылы таратылатын ресми ақпаратты тыңдауы керек. Ал қоғамдық орында, көшеде немесе жұмыс орнында болған жағдайда, мобильді құрылғы арқылы радионы қосып, ақпаратпен танысуға болады.
Төтенше жағдайлар департаменті жаттығу барысында қолданылатын сигналдарға түсіністікпен қарап, берілетін нұсқаулықтарды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Аталған шара арқылы болашақта шынайы қауіп туындаған жағдайда әр азаматтың дұрыс әрі жедел әрекет етуі қамтамасыз етіледі.
Оқу-жаттығуға қатысты толық ақпарат «Дармен» мобильді қосымшасында қолжетімді.