ШҚО-да «Өрт–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды
Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары кезең басталғалы жалпы ауданы 181,1 гектарды құрайтын төрт орман өрті тіркелді. Алдағы уақытта аптапты, құрғақ жаз күтіліп отыр. ШҚО ТЖД баспасөз-қызметі осыған байланысты облыс аумағында өртке қарсы іс-қимыл шараларын пысықтау мақсатында ауқымды дайындық жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу-жаттығулар аясында алғашқы күні ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел басқару орталығы базасында басқару штабы құрылды. Өңірдегі халықты құлақтандыру жүйесі тексеріліп, теле- және радиоарналар арқылы шұғыл хабар тарату арналары сыналды. Жаттығу барысында жедел әрекет ету топтарының басшылары мен қызмет жетекшілері есеп берді.
Қазіргі таңда ШҚО ТЖД-де өрт қаупі жоғары маусымға 1589 қызметкер мен 306 техника бірлігі дайындалған. Бұған қоса, өрт ошақтарын ерте анықтау және бақылау үшін 12 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) пайдаланылуда.
Облыс аумағында алдын алу мақсатында мобильді топтар рейдтер ұйымдастырып, орманды және дала аймақтарында өрттің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі