Қазақстандық жас дарындар – ел абыройы

Қазақстанның жас таланттары халықаралық ареналарда ел абыройын асырып, бүкіл әлемге өз дарынымен танылып келеді. Олар ғылым, өнер, спорт пен білім салаларында биік белестерді бағындырып, көпшіліктің мақтанышына айналды. Altainews.kz тілшісі болашағынан зор үміт күттіретін осындай жастардың бірқатарын назарларыңызға ұсынады.
Калькулятор бала – Ілияс Тоқтархан
Астаналық Ілияс Тоқтархан көпшілікке ерекше математикалық қабілетімен танылған. Оны ел арасында «калькулятор бала» деп атайды. 10 жасында Ресейдің «Удивительные люди» телешоуына қатысып, қазылар алқасы мен көрермендерді таңдай қақтырған. Ілияс санаулы секундтарда бірнеше күрделі математикалық есептерді ойша шығарып, үш кезеңнен де сүрінбей өтті. Қазір Ілияс 19 жаста, оның дарыны көптеген жастарға шабыт сыйлайды.
Шахматтың шебері – Жансая Әбдімәлік
Жансая Әбдімәлік – шахмат әлеміндегі қазақ қызының жарқын бейнесі. Ол 14 жасында гроссмейстер атанып, бұл атаққа ие болған Орталық Азиядағы алғашқы әйел шахматшы ретінде тарихта қалды. 7 жасында Қазақстан чемпионы атанған Жансая, кейін әлемдік додаларда жеңіске жетіп, халықаралық шебер және ерлер арасындағы гроссмейстер атағын алды. Қазір ол – 21 жаста, әлемдік шахмат аренасында Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүрген дарын иесі.
Блиц шебері – Бибісара Асаубаева
2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген Бибісара Асаубаева – шахматтың блиц түрінен қатарынан екі мәрте (2021, 2022) әлем чемпионы атанған жалғыз қыз. Ол әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер және ерлер арасындағы халықаралық шебер атағын да иеленген. 2023 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағына ие болды. Жас шахматшының жетістіктері ел спортының жаңа бетбелесі іспетті.
Фото: фото liter.kz-тен алып, өңделді
Ән әлеміндегі жарық жұлдыз – Ержан Максим
2007 жылы Оралда дүниеге келген Ержан Максим – дауысы мен дарынымен әлемді мойындатқан әнші. Ол 2017 жылы Витебск қаласында өткен «Славян базары» байқауында екінші орын алды. 2019 жылы «Голос. Дети» тележобасының жеңімпазы және дәл сол жылы «Junior Eurovision» халықаралық байқауында екінші орынды иеленді. Ержанның өнері – отандық эстраданың болашағына сенім ұялатады.
Қазақстандық шабуылшыны «Челси» таңдады – Дастан Сәтпаев
2008 жылы Алматыда дүниеге келген Дастан Сәтпаев – қазіргі таңда Қайрат футбол клубының үздік сұрмергені, Қазақстан құрамасының жас шабуылшысы. Оның өнері шетелдік скауттардың назарын аударды. 2025 жылдың қаңтарында әйгілі Лондондық «Челси» клубы Дастанды 4 миллион еуроға сатып алып, 2026 жылдан бастап негізгі құрамға қосу жоспарын бекітті. Жас футболшы бүгінде отандық спорттың жаңа жұлдызына айналды.
IQ-і әлемдік деңгейдегі вундеркинд – Ақназар Қажымұрат
Алматылық Ақназар Қажымұрат 12-сынып оқып жүргенде ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарында 100 пайыз нәтиже көрсетіп, әлемдік рекорд орнатты. Оның IQ деңгейі – 135-тен жоғары. Бұл көрсеткіш – әлем халқының 99 пайызының интеллект деңгейінен жоғары. Ақназар Гарвард университетіне оқуға түсіп, әлемнің үздік білім ордаларының есігін ашты. Алайда, өкінішке қарай, 2021 жылы Алматыда 20 жасында қайтыс болды. Ақназардың есімі ел есінде мәңгілікке сақталады.
Білім, өнер, спорт пен ғылымда жарқыраған бұл жастар – Қазақстан болашағының шынайы символы. Олардың табандылығы мен еңбегі жас ұрпаққа үлгі, ал елге – үміт.
Қуаныш Рахметоллаұлы