«Шығыс самалы»: Жас суретшілердің жүрек пен қиялдан туған көрмесі ашылды (видео)
Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер музейінде көрерменнің жүрегіне жылылық, санаға сәуле құятын, жанды шымырлатып, қиялды тербейтін ерекше көрме өтіп жатыр. «Шығыс самалы» деп аталған бұл көрмені шежірелі өнер мерекесі деуге болады. Экология мен ғарыш тақырыбынан бастап, ұлттық және әлемдік мифология, Ұлы даланың аңыз-әпсаналары, ел тарихы мен цифрлық дәуір бейнесіне дейінгі сан саланы қамтыған экспозицияда Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің көркемсурет бөлімінің түлектері дайындаған сюжеттік композициялар қойылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көрме картиналарының атауларының өзі көрерменге терең ой салады. «Қарлығаш туралы аңыз», «Матренин Соколок», «Дала үні», «Абайдың өлеңдері» атты туындылар ежелгі замандардың сырлы сазын жеткізсе, «Бостандық» сюжеттік жұмысы пандемия кезіндегі бүкіләлемдік тығырықты еске салады.
Көркемсурет студиясы өкілдерінің вернисажына барлығы 30 картина қойылған.
«Жұлдыз» өнер мектебіндегі шығармашылық студияларда бейнелеу өнерімен айналысатын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Мектеп директоры Дархан Қасеновтың айтуынша, мұнда оқушылар музыка, хореография және бейнелеу өнерінің барлық түрімен шұғылданып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жатыр. Мектепті бітірген түлектердің көпшілігі өз жолын кәсіби суретші ретінде жалғастырмаса да, сәулет, дизайн, құрылыс сынды шығармашылық бағыттағы мамандықтарды оңай меңгеріп келеді.
Жас суретшілердің қылқаламынан туған жазиралы дала үні, ақ көбікті теңіз мінезі, аңызға айналған мекендер көрмеге келген әрбір жанды бейжай қалдырмасы анық. «Шығыс самалы» көрмесі Өскемен тұрғындары мен қала қонақтары үшін 4 маусымнан 7 шілдеге дейін ашық.
Фото/видео: Екатерина Семина