«Діннің басты миссиясы – бұқараны біріктіру» - Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қоғамды біріктіру, жастарды тәрбиелеу және ұлттық идеологияны ілгерілету ісіндегі дін өкілдерінің маңызды рөлін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапары аясында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Халифа Алтай» облыстық мешіті мен Ислам мәдениеті музейінде болып, өңір имамдары және теологтармен кездесу өткізді. Басқосу барысында ұлттық бірегейлікті нығайту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және деструктивті идеологиялардың алдын алу жолдары сөз болды.
ШҚО-ның бас имамы Думан Сайфулла Президент кеңесшісімен өткен кездесуді өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаң ретінде бағалады. Дін қызметкерлері әсіресе жастар арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалы күшейіп бара жатқанын алаңдай отырып жеткізді.
Ол сондай-ақ дін өкілдерімен бірлесе жұмыс істегенде ғана қоғамда, әсіресе жастар арасында идеологиялық иммунитет қалыптастыруға болатынын айтты.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының: “Прогрессивті ұрпақ тәрбиелеу үшін білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген сөзін алға тартты.
Ол патриоттық әрі жасампаз ұрпақ тәрбиелеуде рухани құндылықтардың маңызын ерекше атап өтті.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші Ұлттық құрылтайда жария еткен «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдарына назар аударды. Өңір дін қызметкерлері жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге дайын азаматтарды тәрбиелеу қажет екенін айтты.
Сапар аясында ұлттық болмысты нығайту мақсатында төл мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.
Шығыс Қазақстанның дін өкілдері Мемлекет басшысы көтерген бірқатар бастамаларға халық тарапынан оң көзқарас қалыптасқанын атап өтті. Соның ішінде ұлттық киімді насихаттау идеясы ел ішінде, әсіресе жастар арасында зор қызығушылық тудырған. Соның нәтижесінде елімізде ұлттық киім тігетін жаңа шеберханалар, брендтер мен дүкендер ашылып, мектептер мен университеттерде, театрлар мен компанияларда ұлттық стиль жиі кездесетін болған.
Сөз соңында Мәлік Отарбаев деструктивті ағымдарға қарсы күресте дін өкілдері алғы шепте тұрғанын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында тараптар өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстарын жеткізді. Қатысушылар көтерілген маңызды бағыттар бойынша жүйелі жұмысты облыстық және республикалық деңгейде қатар жүргізу қажет деген ортақ пікірге келді.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай