Берекең кетсе, нең қалар...?!

Фото: stanradar.com
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегенді айтқан қазақ – салт-дәстүрге өте бай халық. Қазақтың бабадан балаға мұра боп жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін санамалай бастасақ, қос қолыңыздың саусағы жетпей қалады. Бұл үшін қуанбасақ, ренжімейміз, әрине. Қайта «Біздің ата-бабаларымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қандай бай болған?!» деп қуанамыз. Тіпті әлемнің өзге бір халқында жоқ, қазақта ғана бар қайсыбір салт-дәстүрлерімізбен мақтанып та жатамыз...
Алайда, дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Иә, қазір адамзат баласы ХХІ ғасырда өмір сүріп жатыр. Заман жаңарған сайын ежелден келе жатқан қайсыбір ата-бабаларымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері өз-өзінен ұмытылып, заман көшіне ілесе алмай қалып қойып жатқандығы да жасырын емес.
Осы құндылықтарымыздың арасында қаншама уақыт өтсе де, өзінің өзектілігі мен қазақылығына нұқсан келтірмей келе жатқан көне дәстүріміздің бірі – қаралы болған үйге арнайы барып көңіл айтып, ата жолымен бата жасау. Көңіл айтудың қаралы адамды жұбатып, жаралы боп отырған жан дүниесіне рухани қолдау білдіру екендігін бәріміз де білеміз. Батаның да не үшін берілетіндігі түсінікті, қайтқан адамның жабдығына жұмсалған шығынды ел боп, жұрт боп көтеріп алу.
КАТОНДА БІР ДӘСТҮР БАР, ӨЗГЕ ЕЛДЕ ЖОҚ...
Әрине, «Қайтыс болған адамға мынандай көлемде бата жасайсың!» деген, жұрттың бәріне ортақ заң жоқ. Сондықтан әрбір бата жасаушы өзінің шама-шарқына, мүмкіндігіне қарай көмек қолын ұсынып жатады. Ол жерде жылаған-сықтаған жұрт. Біреулер үйге кіріп, енді біреулер сапырылысып шығып жатады. Жақынынан айырылып қайғы жұтып отырған үй иесінің кімнің не беріп, не қойып жатқандығын тіпті кімнің кім екендігін де жіті бақылап отыратұғын мүмкіндігі жоқ. Бата жасаудың мұндай берекесіздеу түрі еліміздің басым көпшілік жерлерінде қалыптасқан, ежелден жалғасып келе жатқан дәстүр.
Алайда, «Өлгенмен бірге өлмек жоқ, тірі адам тірлігін жасайды» дегендей, бір-екі күннен соң есін жиған үй иесі жамағайыннан түскен жәрдемнің, яғни, батаның кімнен, қанша келгенін білмей басы қатары сөзсіз. «Біреу түйе берсе, біреу түйме береді» дегендей, әркім хал-қадірінше бата жасайтынын білеміз. Сосын, бата жасаған жандардың барлығы берген көмегін конвертке салып немесе қағазға орап аты-жөнін жазып жатпайды ғой...
Осы мәселеге орай өзім куә болған мына бір жайтты баяндай кетсем. Бірде Катонқарағай жерінде қайтыс болған бір азаматтың топырағына бардық. Арысынан айырылып аңырап отырған жеңгемізді біраз көңіл айтып жұбатқан соң, конвертке салып апарған батамды берсем:
– Осы жерде «Береке» жинап жүрген адам бар, соған беріңіз, – дейді жеңгеміз.
Бұрын-соңды ондайды естімегендіктен сәл абдырап қалсам керек, қасымдағы жергілікті бір азамат жөн сілтеп, қолында қаламы мен қағазы, мойнына асқан шағындау сөмкесі бар, үстел басында отырған бір жігітке алып барды. Ол менің аты-жөнімді, бұл үйге қандай жақындығымның бар екендігін, сондай-ақ, батаға қанша әкелгенімді дәптеріне жазып қойды. Әуелде мән бермегем, кейін өзім танитын катонқарағайлық азаматтардан сұрастырып көрсем, бұл «Берекенің» өзіндік артықшылықтары бар екен.
– Бұл дәстүр біздің елде мен ес білгелі бар, – дейді сол елдің тумасы, қазір Өскеменде тұрып жатқан таныс азамат.
– Ел іші болғасын өлім-жітім болмай тұрмайды. Осындай сын сағатта кімнің, қандай көмек қолын созғандығын қағазға түртіп қойғанның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Қара жамылып отырған үйге әркім әртүрлі бата жасайды. Біреулер бір-екі мың теңгемен шектеліп жатса, енді біреулер бес-он мың теңге бата жасайды. Қайсыбір елге танымал, ауқатты азаматтар 50-100 мыңдап қол ұшын беріп тіпті асқа сойылатын малын немесе өзге де шығындарын көтеріп ап жатады. Қайта, қаралы болған үй иесі кімнің, қанша бата жасағанын біліп жүреді де, өз кезегінде сол үйлердің қазасына немесе тойына лайықты жауап қайтарады. Бұл жерде «Анау көп берді, мынау аз берді» деген әңгіме жоқ. Енді өзіңіз ойлаңыз, жағдайы жоқ, тұрмысы төмендеу адам қайтіп қомақты бата жасай алады? Ол адам тіпті бата жасамаса да өкпе-реніш деген болмауы керек. Сондықтан бұл жерде әркім өз мүмкіндігінше жәрдемдеседі.
Сосын, бата жасаушының «Қаралы үйге қандай жақындығы бар, құда-жегжаты әлде дос-жарандары ма, ежелден қоңсы отырған көрші-қолаң ба болмаса бірге жұмыс істейтін адам ба?» деген мәселе де ескеріледі, бұл жерде. Қысқасы, бұл да бір тәртіптің әрі ұқыптылықтың түрі ғой.
Алайда, өз басым осы бір тәртіп пен ұқыптылықты әзірге Катонқарағай ауданынан ғана көріп жүрмін. Өзге аудандардан тіпті өзімнің туып-өскен жерім Зайсан өңірінде де жоқ бұл дәстүр.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын дүниеден бажам өтті. Сап-сау, ел қатарлы ойнап-күліп, жұмысында жүрген адам аяқ астынан жүрегі тоқтады да қалды. Тосыннан келген бұл қайғы марқұмның отбасына да, туыс-туғандары мен дос-жарандарына да оңай тиген жоқ. Жиырма күн бұрын ғана 60 жылдық мерейтойына ойдан-қырдан қонақ шақырып, қаладағы мейрамханалардың бірінде дүркіретіп тұрып тойлатқан болатын.
Сол жолы қайдан келе қалғанын кім білсін, «Катондықтарға тән «Берекені» біз де қолға алсақ қайтеді?» деген ой келе қалсын. Абыр-сабыр боп жатқан туысқандардың басын құрап жіберіп, ойымды ортаға салып едім, басым көпшілігі құптай кетті. Арамыздан есеп-қисапқа ебі бар, еті тірі бір адамның қолына қаламсап пен қағаз ұстаттық та, бұрын-соңды әулетімізде болып көрмеген «Эксперимент Берекені» бастап кеп жібердік.
«БЕРЕКЕ» – БЕРЕКЕЛІ ДҮНИЕ ЕКЕН
Атауының өзі айтып тұрғандай «Береке» расымен де берекелі дүние екен. Қаралы боп жатқан үйге бата жасай келген жанашыр жандардың кімнің кім екендігі, қанша бата жасағандығы түгелімен дәптерге тіркеліп отырды. Тіпті, жабдыққа қажетті дүниенің барлығы, қабір қазудан бастап, асылатын ет те, шай дастарханына қойылатын қант-кәмпит те, мәйітті шығаратын арнайы көлік те, қыл аяғы мешіт тарапынан көрсетілетін қызметтердің де ақысы сол «Берекеден» алынып жатты.
Марқұмды жерлеп келген күні кешкісін сол үйде жүрген ет жақын ағайындар өзара отырып көк дәптерге үңілгенде өздері қайран қалды. Кәдімгі бухгалтерияның есебі секілді. Көк дәптерде «кім, қайда, қанша ақша алды?», қысқасы, кірген кіріс те, шыққан шығыс та тайға таңба басқандай жазылып тұр.
«Әр адамның өз несібесі бар» деген сөз рас екен. Сол жолғы «Берекеге» жиналған 1 млн. теңгеге жуық көпшіліктің көмегі марқұм бажамның 40 күндік асын өткізуге де, ол аз десеңіз қабірінің басын көтеруге де артығымен жетті. Қазақтың «Көп түкірсе көл» дегені осындай ауызбіршілікке қаратып айтылса керек.
«Береке» дәстүрін бұрын-соңды қолданбағанымыздан болар, сол жолы бізден бір білместік кетті. Әйел адамдардың зират басына бармайтындығы ескеріліп, ол шаруаны әу бастан ер адамға табыстайтын көрінеді. Өйткені қабір басына келгендер арасында да бата жасайтын жандар болады екен. Біз осы тұста сәл ғана мүлт кеткен екенбіз.
Кейін ойлап қарасам, егер сол жолы «Береке» дәптерін бастамағанда, әсіресе туыстар арасында нағыз түсініспеушілік болар ма еді? Олай дейтінім, айтуына қарағанда үй иесі бата жасап кеп жатқандардың жартысынан көбін танымайтын боп шықты. Бата жасай келген жандар да солай екен.
Сонда бұл «Бір-бірін танымайтын адамдар кімдер, олар өздері танымайтын жерде неғып жүр?» деген заңды сұрақ туындайды. Сөйтсек, олар марқұм болған адамның іні-қарындастарының, аға-жеңгелерінің, күйеу-келіндерінің туған-туыс, құда-жекжаттары, дос-жарандары, көрші-қолаңы, бірге жұмыс істейтін ұжымдастары және тағы басқа жанашыр адамдар. Байыптап қарасаңыз, қазаға көңіл айтып, бата жасай келген әр адам әкелген азын-аулақ көмегін де өз танысына ғана беретін көрінеді.
Егер сол жолы «Береке» дәстүрін қолданбасақ 1 млн. теңгеге жуық ақша ортақ қазынаға түсер ме еді, түспес пе еді? Сосын, кімнің кімге және қандай мөлшерде бата жасағанын да осы күнге дейін ешкім білмес еді. Мұндай берекесіздікті біздің аталарымыз «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүние» деген екен.
Жасырып-жабары жоқ, адам баласы – пенде емес пе. Пенде болғасын, пендешіліктің қай кезде болмасын бізбен бірге ілесіп жүретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, жұрттың барлығы болмаса да, арамызда пенделікке салынып, қолына тиген немесе қалтасына түскен ақшаны қимай қалатындарымыз да, байқамай «ұмытып» кететіндеріміз де, «Е, қойшы, осы үйдің бүкіл шығыны маған жасалған болмашы батаға қарап қап па?» деп өз-өзімізді ақтап алатындарымыз да бар. Ал, бір жолғы тәжірибенің нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.
Пендешілік демекші, жоғарыда «Береке» жайында түсінік берген танысым сөз арасында: - «Берекені» пейілі түзу, сенімді адамға жинату керек. Себебі, адам баласының аласы ішінде, сосын, «алтын, ақша, дүние» дегендерің адамның басын айналдырып жіберетін әзәзіл ғой. Аңызда айтылғандай, алтын көріп, періште де жолынан тайған жоқ па еді? – дегенді қосып айтқан болатын...
Айтайын дегенім, сөз етіп отырған осы «Берекеге» қатысты ойымды бірнеше топта ортаға салып көргем. Тыңдаған жандардың барлығы, «Ой, мынау бір, ел боп қолға алатын, жақсы дәстүр екен!» деп қолдау білдірген болатын.
Сондықтан аталарымыздың «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген қанатты сөзін назарға ала отырып, жер-жердегі газет оқырмандарының да пікірін, ұсыныс-тілектерін білсек дегенбіз. Егер бүгінгі күні Катон халқына ғана тән «Береке» дәстүрі көп көңілінен шығып жатса, мұндай берекелі дүниені неге ел боп, жұрт боп қолдамасқа?!
Алқалаған әлеуметті аузына қаратқан аузы дуалы бабаларымыз:
– Бетегең кетсе, бел қалар.
Бегілер кетсе, ел қалар,
Берекең елім кетпесін!
Берекең кетсе, нең қалар? – деп кеткен көрінеді.
Иә, берекесіз, бірліксіз тірлігіміздің де мәні мен сәні бола қоймасы баршамызға түсінікті. Сондықтан Алла тағала еліміздің бірлігі мен берекесін алмасын!
Ал, Сіз бұған не дер едіңіз, қадірлі оқырман?