Мектептегі тамақтану: целиакия, диабет пен аллергиясы бар оқушылардың қажеттілігі ескеріледі

Фото: gov.kz
Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігімен, Қазақ тағамтану академиясымен, ЮНИСЕФ және ДДҰ-мен бірлесіп 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты мен көп нұсқалы үлгілік мәзірді әзірлеп, бекітті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа стандартқа сәйкес диетада қант, тұз және май мөлшері едәуір азаяды, құрамында табиғи емес өнімдер мен тұз бен қант көп болатын өнімдер (шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындар, спредтер, дәм мен иісті күшейткіші бар өнімдер және т.б.) алынып тасталады, жаңа піскен көкөністердің, жемістердің және табиғи өнімдердің үлесі артады.
Құжат мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ білім беру-сауықтыру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептерде ыстық бутербродтан, ашытылған сүт өнімінен (йогурт), маусымдық жемістерден және сусыннан (сүт, айран, итмұрын сусыны, кептірілген жемістер, жидектерден) тұратын ланч-пакеттер дайындалады.
Қазіргі уақытта мектеп әкімшіліктерін, медицина қызметкерлерін, тамақтану қызметтерін жеткізушілерді және бракераждық комиссияның мүшелерін онлайн оқыту жүргізілуде. Кейіннен мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметкерлерін оқыту жоспарланған.