KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 1 м/с, С
520.93 609.07 6.68

Қасым Қайсенов ауылында заманауи емхана бой көтерді (видео)

11.06.2025, 17:52 626 Төлеуғазы Жансая


Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов ауылында тұрғындар үшін аса маңызды әлеуметтік нысан – жаңа заманауи емхана есігін айқара ашты. Елді мекенде медициналық қызметтің сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған бұл жоба көпшіліктің көптен күткен қуанышы болды. Жергілікті жұртшылық пен ресми өкілдердің қатысуымен өткен салтанатты рәсімде жаңа медициналық орталықтың лентасы қиылып, халық игілігіне жол тартты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұған дейін мұндағы дәрігерлік амбулатория 1982 жылы салынған бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасып келген еді. Жалпы ауданы небәрі 220 шаршы метрден сәл асатын шағын кеңістікте ең көбі 75 адам ғана қабылданатын. Мұндай жағдай дәрігерлерге де, халыққа да қолайсыздық тудырды. Ал бейінді мамандардың қабылдауына бару үшін тұрғындар көрші Таврия ауылына қатынауға мәжбүр болатын.

2023 жылдан бастап салынып, бүгінде пайдалануға берілген үш қабатты жаңа емхананың жалпы аумағы 3 800 шаршы метрден асады. Заманауи талаптарға толық сай бұл мекеме – медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ірі қадамдардың бірі. Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдай қарастырылған: кең әрі жарық бөлмелер, заманауи медициналық жабдықтар, жайлы қабылдау аймақтары – бәрі де халық денсаулығы үшін.  Емхана бір мезетте 150 адамды қабылдай алады. 

– Адам өмірі мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Соңғы үш жылда облыста 5 медициналық пункт салынып, 4 амбулаторияда күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгін міне, Ұлан ауданында тағы бір маңызды нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Бозанбай мен Таврия ауылдарында да екі медициналық блокты іске қосу жоспарымызда бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Енді жаңа емханада тек жалпы практика дәрігерлері ғана емес, сондай-ақ оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр және стоматолог сынды мамандар да тұрақты қабылдау жүргізеді.

 

Мекемеде бактериологиялық зертхана, эндоскопиялық тексеру кабинеттері (ФГДС, колоно- және видеоколоноскопия), рентген, маммограф, флюорография, УЗИ және физиотерапия кабинеті жұмыс істейді.

 

– Қазіргі таңда кадрлық құрам толық. Тек ЛОР маманы ғана жетіспейді, бұл бағытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, 6 орындық күндізгі стационар мен 4-санатты мобильді жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейтін болады. Бұл – «алтын сағат» ережесін сақтап, дер кезінде көмек көрсету үшін өте маңызды, – деді Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Өскенбаев.

Емхананың құрамында амбулаториялық хирургия бөлімі, қысқа мерзімді ем-дом палаталары, стоматологиялық, терапевтік және шұғыл көмек көрсету бөлімдері бар. Үш қабатты ғимаратта пациенттерге ыңғайлы болу үшін лифт орнатылған. Сондай-ақ жедел жәрдем көліктеріне арналған екі орындық гараж да қарастырылған.

30 жылдық тәжірибесі бар мейірбике Күлзипа Қайырбекова жаңа мекеме туралы ойын былайша жеткізді:

– Жаңа ғимарат барлық санитарлық талаптарға сай. Науқастарға да, бізге де өте ыңғайлы. Жұмыс істеу жағдайымыз айтарлықтай жақсарды, – деді ол.

Жас ата-аналар үшін арнайы коляска қоятын бөлме де бар. Енді тұрғындар басқа ауылдарға сабылмай-ақ, өз елді мекенінде сапалы медициналық қызмет ала алады.

– Біз бұл ауылда алтыншы жыл тұрамыз. Ескі емханада өте тар әрі қолайсыз еді. Жаңа емхананың ашылғанын дәрігерге барған кезде естідім. Ауылдастарымыз ұзақ күтті, қуанып жатырмыз, – дейді жергілікті тұрғын Нарғыз Құмарова.

Ауыл қариялары бұл емхананың ашылуын 1997 жылдан бері күтіп жүргенін айтып отыр. Енді жаңа медициналық мекеме Ұлан ауданы бойынша 28 500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұл – бір ғана ғимараттың айналасына мыңдаған тағдыр мен үміт тоғысқанын білдіреді.

 

Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу