«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі»: рухани мерекенің алғашқы күні тарихи сәттермен өрнектелді (видео)
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивальдің алғашқы күні мәресіне жетті. Төр Алтайдың қойнауын дүбірге бөлеген ұлы жиын — бүгінгі қазақ руханиятына олжа салған, ертеңгі ұрпаққа өнеге болып қалатын тағылымды күн болды деуге әбден лайық. Таң шапағымен қатар республикалық және өңірлік деңгейдегі игі шаралар легі басталып, ұлтымыздың мәдени кеңістігіндегі сөз зергерлерінің рухы тағы бір жаңғырды. Фестивальдің алғашқы жартысында ежелгі Алаштың алтын жұрты — Алтайдың төрінде «Ұлттық рух жыршысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Келелі басқосуға елдің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, әдебиет пен тіл ғылымының белді өкілдері, абыз ақсақалдар мен жоғары лауазымды меймандар жиналып, фестивальдің ұлттық бірлік пен рухани жаңғыруға қосар үлесін жоғары бағалады. Қадірлі қонақтар Катонқарағай өңірінің тек табиғат әсемдігімен ғана емес, рухани туризмнің өзегіне айналуы керектігін атап өтті.
Ғылыми отырыста ғалымдар тың ой, тұшымды пікір өріп, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының ұжымы «Дидахмет Әшімханұлына арнау» атты әсерлі композиция ұсынып, көрермен қауымға жазушының ғибратты ғұмырын көркем образдар арқылы паш етті.
Зиялы қауым өкілдері жазушының шығармаларын жаңа қырынан ашып, оның бүгінгі қоғам үшін маңызын айқындап, жас ұрпаққа аманат болар рухани қазынасын насихаттады.
Ғылыми жиын аясында Дидахмет Әшімханұлы мен Қалихан Ысқақтың шығармашылығына арналған кітаптар мен фотосуреттер көрмесі де жұрт назарына ұсынылды.
Поэзия кеші — Төр Алтайдың жүрек соғысы
Фестивальдің бірінші күнін «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі түйіндеді. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыка фестивалі аясында ұйымдастырылған рухани кеш — жыр мен әуеннің мәңгілік тоғысы іспетті болды.
Топқайың ауылының етегінде, орман құшағында шоғырланған ақындар думаны түнгі Алтайдың самалын жырмен тербеп, от шұғыласы мен өлең отын қосқандай әсер сыйлады. Сахна табиғат аясында бой түзеп, серілерше ән шырқалып, сырлы сөздер мен шерлі әуен қатар өрілді.
Бұл кешке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров, Ұлықбек Тумашинов, Мақсат Толықбаев, ақын, профессор Аманжол Әлтай, халық әртісі, режиссер, Мемлекеттік сыйлық иегері Досхан Жолжақсынов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетов, жазушы Әлібек Асқаров, ақын-драматург Иран Ғайып, жазушы, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Қырғыз елінен келген жазушы Ақбар Рысқұлов сынды зиялы қауым тамсана тамашалады.
Поэзия додасына Дәулет Телманов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин, мәдениет саласының үздігі Әскерхан Ақтай, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, ҚР Білім үздігі Бақытжан Райыс, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Игілік, «Шабыт» ақындар мектебінің мүшесі Естай Жаңабай, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Олжас Керейхан, жазушылар және журналистер одағының мүшесі Оразай Жеңісұлы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Мерей Қарт, сондай-ақ Қызырбек Дүргінбайұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Құмар Зиятхан, Мұратқан Кенжехан, Дана Исағұлқызы сынды өлең өлкесінің өрендері қатысты.
Қайталанбас сөз мерекесінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Абай облысының әкімі Берік Уәли ақындарды арнайы дипломмен және ақшалай сертификаттармен марапаттап, ақын жүрегінің ыстық лебізін лайықты бағалады.
Жырмен өрілген рухани кешті «Алтай» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Барқытбел» этноансамблі, «An.Sal.Dar», «Назқоңыр», «Дарабоз» топтары және Нұргүл Қабдоллаева, Халық Хамит, Жаухаз Бабаханова сынды өнер иелері әсем әнімен әрледі.
Төр Алтайда тамыр жайған бұл той — жыр мен тарихтың, рух пен намыстың жарасымды көрінісі болханы хақ. Бұл күн бір жағынан өткеннің елесі іспеттес сарын алса, бір жағынан болашаққа жол ашқан, сабақтастыққа сеп болған алтын көпір болды десек дөп айтқандық болар.
фото: Жібек Нұрахмет