KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
518.34 607.91 6.66

Аламаннан автокөлікке дейін: Алтайда бәйге рухы жаңғырды (видео)

14.06.2025, 13:30 201 Айдос Мырзахметов


«Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалінің ең көп шу мен шаттық әкелген көрінісі — XXIII халықтық спорт ойындарындағы аламан бәйге.

Бұл бәйге биыл жай бәйге емес — шынайы жанашыр ел азаматтарының арқасында жаңғырған ипподромда, жаңаша серпінмен өтті. Ең бастысы — жеңімпазға темір тұлпар тігіліп, нағыз қазақы дәстүрге заманауи дем берілді.

Аламанның қызығы тек шабандоздардың шабысында емес, осы істің артында ауылдың игілігіне үлес қосып жүрген жанашыр кәсіпкерлер мен демеушілердің еңбегі тұр. Солардың қолдауымен ипподром қайта түлеп, бәйге жоғары деңгейде өтті.
25 шақырымдық бәйгенің қорытындысы қандай қандай болды? Оқ бойы озық шыққан — тарбағатайлық Әділ Тисанов мен оның үш жасар ағылшын тұқымды «Зарип» сәйгүлігі. Жүлдесі — су жаңа автокөлік!
Одан кейінгі желден жүйрік — күршімдік Дәулет Темірлан «Барысымен» екінші орынды иеленіп, 1 миллион теңгені қанжығалады. Ал Зайсанның намысын қорғаған Дулат Нұралин «Арбатымен» үшінші орынға жетіп, 700 мың теңгені місе тұтты.
Бұл аламан — елдің береке алаңы болғаны рас. Жүйріктер тартысы ауылдың рухын ерекше серпілтті. Бір кездері тынысы тарылған ипподромды ауыл азаматтары қайта түлетіп, шаңқай түсте шаң қауып, ат тұяғының дүбірін аңсаған жұрттың еңсесін тіктеді.

— Манаптың жеңісі — бүкіл ауылдың жеңісі. Атбегіміз Айдос Түркенге, шабандозымыз Манапқа мың алғыс! Катонқарағайда аламанға автокөлік тігілуі — бұрын болмаған жаңа деңгей. Осындай мереке көп болсын! — дейді «Зағиптың» иесі, темір тұлпар ұтып алған Әділ Қисанов көңілі көтеріліп.

«Катонқарағайдың тұрақты даму қоры» — мерекенің басты тетігі болды. Серік Толықбаев құрған бұл қор соңғы бес жылда ауылдың жолынан бастап цифрлық жобасына дейін қолдаған. Бір миллиард теңгеден астам қаражат құйыпты. Ең бастысы — ата дәстүр ұмыт қалмасын, жастар ауылдан алыстамасын деген ниет.

— Тойымыз тойға жалғассын. Жас ұрпақ аман болсын. Біз аналар әрдайым сенім артамыз, — деді бас демеуші Серіктің анасы Клара Міржақыпқызы ел алдында ақ батасын беріп.

Тұлпар тұяғынің дүбірі мен темір тұлпар дүрілінің тоғысы Катонқарағайда ауылдың еңсесі тіктеліп, дәстүр мен дамудың жаңа тыныс табуына ықпал етті.

Фото: Жібек Нұрахмет


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу