Қазақстан жолдарында – қатаң бақылау: артық жүк артқан көлік жазасыз қалмайды
Еліміздің автожолдарының сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жұмыстар күшейтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жолдардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сол тапсырма аясында Көлік министрлігі үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Жолдарды тек салып, жөндеп қана қоймай, оларды сақтау үшін де түрлі шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – көліктерді автоматты түрде бақылайтын заманауи жүйелерді орнату.
Жүк көліктері қатаң қадағаланады
2026 жылға дейін еліміздің әр түкпірінде 220-ға жуық автоматты өлшеу стансасы (АӨС) орнатылмақ. Қазірдің өзінде республикалық маңызы бар жолдарға 126 станса орнату жоспарда бар. Бұл жүйелер көліктің салмағын, тіркеу нөмірін, маркасын, жылдамдығын, осьтік жүктемесін автоматты түрде тіркейді. Егер көлік шамадан тыс жүк артса, ол бірден анықталып, фотофиксация жасалады да, ақпарат Көлік комитетіне жіберіледі.
Қазірдің өзінде елордаға кіреберісте 9 жаңа АӨС жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, мұндай құрылғылар саны 50-ден асты. Бұл жүйе тек тәртіпті күшейтумен қатар, көліктік бақылау кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де азайтады.
Жол сапасын бақылау да жаңа деңгейге шықты. Көлік министрлігі бес сатылы тексеру жүйесін енгізді. Бұл жүйе жол салумен айналысатын компаниядан бастап, тапсырыс беруші мемлекеттік органға дейінгі бүкіл процесті қамтиды:
Мердігер ұйым – жол салу кезінде қолданылған материалдардың сапасын өзі тексереді.
Техникалық қадағалау – күн сайын бақылау жүргізіп, орындалған жұмыстарды тексереді.
Авторлық қадағалау – жобаның дұрыс орындалуын бақылайды, қажет болса өзгеріс енгізеді.
Ұлттық сапа орталығы – жұмыстар мен материалдардың сапасын іріктеп тексереді.
Тапсырыс беруші – жобаның толық жүзеге асуын қадағалайды және бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын бақылайды.
Бұл көп сатылы бақылау жүйесі жолдың ұзақ уақытқа шыдамды болуына, сапаның сақталуына және қаржының дұрыс жұмсалуына ықпал етеді.
Дереккөз: "ҚазАвтоЖол" АҚ