«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аяқталды. Келген қонақтар үйді-үйіне, елді-еліне тарасып жатыр.
Түркі әлемінің басын қосып, бір марқайтып тастаған фестиваль жайында әртүрлі талқы айтылуда. Десе де, ой мен пікірдің дені жақсы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
— Мұндай фестивальдар соңғы жылдары көптеп ұйымдастырылып жатыр. Бұл — қуантарлық жағдай. Өйткені, ұмытылып бара жатқан түркі халықтарының ән айту мақамы, рухымызды асқақтатар әуендер мен саздар қайтадан жаңғырып жатыр. Тәуелсіздігімізді алғанымызға отыз жылдан асты. Содан бері көптеген мәдени мұрамызды жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Осы тұрғыда көшпенді халықтардың жоғары мәдениетін қайтадан тұғырына қондыру жұмыстары атқарылып отыр. Бұл басқосу өнер, музыка, әдемі қойылым мен көрініс арқылы жүзеге асты, — дейді театр және кино актері, кинорежиссер Қайрат Мұқаш.
Осыған дейін фестивальді тамашалаған тұрғындар мен қонақтардан пікір алсақ, бұл жолы сахнада өнер көрсеткен жерлестеріміздің ойын тыңдадық.
Әртістің айтуынша, ол сахна төрінде жүріп сахадан, тывадан келген әріптестермен пікір алмасқан, тілдеріміздің ұқсастығы, көптеген көзқарастарымыздың ортақ арнада екені әңгімеден білініпті.
— Сахнада археологтың рөлін сомдап, көрермендермен қатар тұрып фестивальді тамашаладым. Арқаланып, бойымыздағы қанымызды тірілтетін әндерді, әуендерді естігенде көшпенді халықтардың ұлылығы, тарпаңдығы білініп, ұмыт қалғанымызды еске түсіріп, өшкеніміз жанғандай, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Делебең қозып, аттандап шаба жөнелгің келеді. Бұдан бөлек ерекше тоқталып өткім келетіні, түркі халықтарының «Домбыра» әнұраны орындалды. Түркі халықтары қосылып шырқағанда мақтаныш сезімі ұялады, — дейді Қайрат Мұқаш.
Фото: Жібек Нұрахмет