KZ
Өскемен
+24°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Облыстағы 270 мектеп жанындағы лагерь 23 мыңнан астам баланы қамтиды

18.06.2025, 11:30 145 Арайлым Орсаринова

Шығыс Қазақстанда жаз басталғалы бері балалар лагерьлерінің қызу маусымы жүріп жатыр. Облыс бойынша 92 лагерь 26 мамырдан, тағы 178 лагерь 2 маусымнан бастап жұмысқа кіріскен. Қазірдің өзінде мыңдаған бала жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуде. Жазғы ойындар, спорт жарыстары, өнер кештері мен шығармашылық сабақтар – бәрі осы лагерьлердің күн тәртібінде, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Солардың бірі – қала сыртындағы «Дарын» жазғы сауықтыру лагері. Табиғаты көркем жерде орналасқан бұл лагерьде қазір 300-ге жуық бала демалып жатыр. Лагерь басшысы Алена Гильманованың айтуынша, биыл бес ауысым жоспарланған. Балалардың көпшілігі – түрлі олимпиада, жарыс жеңімпаздары мен оқу озаттары. Олардың 180-і «Қазақстан халқына» қорының тегін жолдамасымен келген. Қалғандары – ақылы негізде келген оқушылар. Айта кетейік, он күндік жолдама бағасы – 132 000 теңге.

Мирас Нұрамхан – осындай тегін жолдамамен келіп, өзге балалармен бірден тіл табысып кеткендердің бірі. 8-сыныпта оқитын Мирас түрлі үйірмелерге, концерттерге қатысқанды жақсы көреді. Ең қызығы – ол теннис ойнағанды ерекше ұнатады екен, тіпті лагерьде жаңа достарын да осы спорт түріне баулып жүр.

– Алғашқы ауысым 9 маусымда басталды. Қазір 260-тан астам бала келіп, күнде түрлі қызықты шараларға қатысып жатыр. Балалар бассейнге түсіп, арқан жолақтарынан өтеді, спорт жарыстарына қатысады, кешке шоу мен концерттерде өнер көрсетеді, – дейді тәрбиеші-педагог Әділ Құсаинов.

Лагерьде спорт алаңдары, бассейн, сондай-ақ балалардың қызығушылығына қарай әртүрлі 15-тен астам үйірме бар. Оның ішінде робототехника, журналистика, сурет, ғылыми жобалар, ұлттық дәстүрлерді үйрету, қыздарға тігін үйірмесі де бар. Балалар күніне бес рет тамақтанады, ал олардың денсаулығын дәрігерлер күн сайын бақылап отырады. Лагерь аумағы – 8 гектар, барлық нысандар бейнебақылаумен қамтылған. Әр топқа тәлімгер мен тәрбиеші бекітілген.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбектің айтуынша, биыл қала сыртында 12 лагерь жұмыс істейді. Оның жетеуі – мемлекеттік («Жігер», «Дарын», «Балауса», «Болашақ», «Балдәурен», «Төменгі Тайынты», «Патшалар жазығы»), бесеуі – жекеменшік («Алау», «Синегорье», «Арайлы Шығыс», «Балақай», «Приморск»). Олардың бесеуі жағажай аймағында орналасқан.

Суға түсу маусымы басталмай тұрып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары су астын тексеріп, тазарту жұмыстарын жүргізген. Қазір барлық лагерьлерде қауіпсіздік ережелері жазылған стендтер орнатылған.

– Жалпы, биыл облыс бойынша 270 мектеп жанындағы лагерь ашылды. Олар 23 мыңнан астам баланы қамтиды. Бұдан бөлек, 60 мыңнан астам оқушы 204 қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарындағы бейінді алаңдарға барады. Балалардың жазғы демалысы көңілді, қауіпсіз әрі мазмұнды өтуі үшін ведомствоаралық арнайы штаб құрылды. Бұл топ тұрақты түрде тексеріс пен мониторинг жүргізіп отырады, – деді білім басқармасының өкілі.

Жаз – балалардың дамып, тынығуына, жаңа достар тауып, қызықты естеліктер жинауына таптырмас мүмкіндік. Ал лагерь – сол көңілді шақтың қайнар көзі.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу