Аптап ыстық пен найзағай: облыста ауа райы құбылады
Шығыс Қазақстан облысында 29 шілдеге дауылды ескерту жарияланды. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» ШҚО филиалының мәліметінше, түнде облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында найзағай күтіледі. Ал күндіз солтүстікте, шығыста және оңтүстікте найзағаймен қатар бұршақ жауып, дауыл соғуы ықтимал.
Сонымен қатар, өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталады. Шығыста – жоғары, батыс пен оңтүстікте – төтенше өрт қаупі күтіледі.
Өскеменде күндіз бұршақ аралас найзағай болады деп күтілуде. Жел бағытын өзгертіп, екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.
Мамандар ауа райы тұрақсыз кезде төмендегі сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
Жел күшейгенде ағаштар, аялдамалар астына жасырынбаңыз, сымдарға жақындамаңыз. Аптап ыстықта – 11:00 мен 17:00 аралығында далада болуды шектеңіз. Су айдындарында тек рұқсат етілген, қауіпсіз жағажайларда демалыңыз.
Өрт қауіпсіздігін сақтаңыз: шөп өртемеу, темекі тұқылын тастамау, алғашқы өрт сөндіру құралдарын дайындау қажет. Кез келген төтенше жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалуға болады, - дейді ШҚО ТЖД мамандары.